"Бәрі сапасыз". Түркістан облысындағы 13 миллион теңгеге салынған спорт алаңы тұрғындардың ызасын келтірді

Тұрғындардың айтуынша, миллиондаған қаржы бөлінген алаңдарда бала ойнай алмайды, өйткені қауіпті, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

Көксәйек ауылындағы футбол алаңына мердігер қиыршық тас төсеген. Жалпы, құрылысқа 13 миллион теңге бөлініпті.

"Оның үстіне жұқа көгал төселген. Балалар ойнап жүріп құлап жатыр. Бірнеше адам қол-аяғын жарақаттап алды. Бір айдан кейін бұл көгал жиырылып, кейін әбден жыртылды", - дейді Көксәйек ауылының тұрғыны Төлепбек Алматаев.

"Торы жыртылды, доп соққысына шыдамайды. Мұнда бәрі сапасыз. Бірақ ең бастысы, қиыршық тастың үстінде қалай футбол ойнауға болады?" – дейді Зұлпыхар Қожамжаров.

Ленгір қаласында да жағдай осындай. Бір жыл бұрын 27 миллион теңгеге салынған үш алаңда қоршаулар бұзылып, қақпалары қираған. Мердігер сот шешімі бойынша кемшіліктерді жоюға міндеттелді.


Ал, Көксәйек ауылындағы футбол алаңын салған мердігерлер әлі де іздестіріліп жатыр.

"Сот орындаушылары компания Шымкентте екенін хабарлады. Көрсетілген мекенжайға бірнеше рет хат жолдадық. Қазір компанияның орналасқан жері өзгергенін хабарлап жатыр. Ол Алматыда болуы мүмкін. Бұл мәліметтерді қызметкерлер тексеріп жатыр", - деді ауыл әкімі Жексенбек Серсәулетов. 

Тұрғындар мердігерді іздестіру сәтсіз аяқталса, келесі жылы жұмыстың кепілдік мерзімі бітетіндіктен, ол жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін деп қауіптенеді.