Соңғы жылдары желіде де, өмірде де киік туралы негатив көбейіп кетті, деп жазды журналист Артур Нығмет өзінің фейсбук парақшасында. Бұл туралы толығырақ Caravan.kz тарқатады.
"Шөп шықпаса да, малы төлдемей қалса да, жұрт әйтеуір осы қорғансыз жануарды жеккөрінішті қылуға тырысады. Бүгін де киік ауылға кіріп кетті, есік алдында адамнан үрікпей жайылып жүр деп зарлаған асанқайғы видео келді.
Шынтуайтында солай ма? Бәріміз мал бағып өскен ауылдың баласымыз. Көктемде малдың аузы көкке ілікті деп қуанып, жайылысқа шығарамыз. Содан төрт түлік (арық-тұрақ әлде байлаулы жылқыдан басқасы) көктем, жаз күз, тіпті қыста да далада жүреді. Аяз күшейіп борандатқанда ғана қораға қамалады. Жазғытұры жеткенде дәл жаңағыдай далаға қуамыз. Малды бала кезімізде осылай бағатын, қазір де көп ештеме өзгермегені анық. Жыл он екі ай бойы осы.
Ал бұл кезде мал иесі не істейді? Онсыз да төрт мезгіл мал тістеп жатқан шөпке орақ салып, жинап алады, артылғанын қымбатқа сатады. Сонда Жер-ананы жыл он екі ай бойы зорлап, бермесін күшпен тартып алғандаймыз ғой. Керегімізді үнсіз ғана өтеп жатқан қоршаған ортаға кері қайтарымы жоқ. Ешкім пайдаланылған жерді тынықтырып тыңайту әлде ғылымның басқа да жетістігін пайдаланбайды. Малын жіберіп қояды да, күзде бір жинайды. Жол бойына жайылып, түнде көлікке соғылып, талай ғұмырды қыршынынан қиған да осы малды далаға жіберіп қоятын бейқамдық қой. Ондайда тіпті иесін итпен іздеп таппайсыз. Бірақ шөп шықпаса киік кінәлі.
Бөкенге ренжіп неміз бар, жері тастақ һәм құмдақ Ауғанстанның өзі бізге жеміс-жидегін жібергесін не дейін? Іргедегі өзбек елінің өзі ат шаптырым жылыжайларды салып тастаған, аз жерінің өзін пайдаланып жатыр. Біз әйтеуір киікті кінәлаймыз...
Бала кезімізде төбелесіп қалғанда апай, мен емес, өзі бастады, деп ақталатын едік қой. Мұнда да солай. Біздің жазығымыз жоқ, киік кінәлі..."