”Бармаған жеріміз жоқ. Бала көтере алмайды деді”: Азамат Сатыбалды жан сырын ақтарды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Өнер иесі Жанар Байсемізге берген сұхбатында отбасындағы ауыр сынақ туралы бар шындықты жайып салды.

“Бізде 1 ұл. Кейде сөздерден намыстанатын, қатты тиетін сәттер болады. “Туып алмайсыңдар ма? Не істеп жүрсіңдер бір баланың бетіне қарап?” дегендер болды. Бірақ олар сенің ар жағыңда не болып жатқанын түсінбейді. Мен де Назгүл де көпбалалы отбасыдан шыққанбыз. Бірақ екеумізге Алла бір ұл берді. Біз де бір баламен тоқтап қаламыз деп ойлаған жоқпыз. Өзім көп балам болса деп армандадым. Сұлтан дүниеге келгеннен кейін Назгүл сырқаттанып қалды да бала көтере алмады. Біздің бармаған жеріміз жоқ. Кейін Назгүлге атын айтпай-ақ қояйын, жаман аурудың диагнозын қойды.” Бала көтере алмайды” деді”, – дейді ол.

Актер сол сәтте жаман ойлар келгенін де жасырмады.

“Әрине, жігіт болған соң, пенде болғаннан кейін шайтани ойлар да келеді екен. Сондай бір уақыттарда әкемнің бір ауыз сөзі менің дүниетанымымды өзгертіп жіберді. Ол кісі шақырып алып: “Азамат, мен әкемін, сенің қазіргі жағдайыңды сезіп, біліп жүрмін. Бірақ есіңде болсын, егер Назгүлден басқа әйел аламын десең, болмаса ажырасып тоқал аламын десең, екі дүниеде батамды бермеймін. Маған Назгүлден артық келін керек емес . Алла Тағала 1 балаға татымайтын 10 бала бере ме, жоқ әлде 10 балаға татитын 1 бала бере ме – өзі біледі. Бар балаңа тәубе де” деді. Мен бұл әңгімені Назгүлге айтқан емеспін. Бірінші рет айтып отырмын. Әке-шешем Назгүлді қатты жақсы көрді. Сол үшін менің ішімдегі барлық ой өзгеріп кетіп, басқаша сезім, ой пайда болды. Үйдегі жайсыздық кетті. Екеуміздің арамыздағы қарым-қатынас басқаша бола бастады. Қазір Сұлтан 21-ге келді. Мен ешқандай өкінбеймін. Көрінген баламның қызығын көрейін. Алла қосқан жарыммен бірге болайын деген ой. Әкемнің даналығына, қомқорлығына, көрегендігіне разымын”, - дейді Азамат Сатыбалды.