«Барыс» хоккей командасы үшін ҚР Президентінің кубогін жеңіп алу принципті іс - Клуб басшысы

Бұл туралы бүгін халықаралық жарыс қарсаңында өткізілген баспасөз мәслихатында «Барыс» хоккей клубының президенті Нұрлан Оразбаев мәлім етті.

Оның айтуынша, Кубок Құрлықтық хоккей лигасы деңгейінде елеулі орынға ие спорттық жәдігер. Сондықтан жарыста жеңіп шығу «Барыс» ойыншылары үшін өте маңызды болып табылады.

«Турнирдің мәртебесі өте жоғары, сондықтан командаға жеңу керек деген міндет қойылып отыр. Ойыншылардың өздері де кубоктың Астанада қалғанын қалайды», деп атап көрсетті клуб президенті.

«Соңғы екі-үш күн қалғанда командада психологиялық жағдай ширыға түсті. Жаттығу барысынан да, команда ішіндегі ахуалдан хоккейшілеріміздің жеңуге деген құлшынысын аңғаруға болады», деді Н. Оразбаев.

Президент кубогі жолындағы жарыс ертең, тамыздың 10-да басталады.

Айтулы бәсекеде Құрлықтық хоккей лигасында зор беделге ие Мәскеу облысының «Атлант», Минск мен Рига қалаларының «Динамо» командалары және отандық «Барыс» клубтары өзара кездеседі.