«Барыс» Праганың «Лев» командасын 5:1 есебімен ойсырата ұтты

Астаналық мұз айдынында өткен кездесу 5:1 есебімен аяқталды. бірінші болып есепті қонақтар ашты (бірінші кезеңдегі 7-ші минутта Томаш Сурови).

Алайда матчтың екінші және үшінші кезеңдерінде Владимир Крикуновтың шәкірттері қарсыластар қақпасына жауапсыз бес шайба тоғытты. Бұл ойында Виктор Александров, Андрей Гаврилин, Вадим Краснослободцев (екі рет), Роман Савченконың қанжығалары майланды.

Осылайша, «Барыс» 3 матчқа созылған жеңіліс сериясын үзді. Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық «Барыс» өзінің соңғы ойындарында ЦСКА, «Югра» және «Сибирь» командаларынан ұтылған болатын.

Қазіргі уақытта «Барыс» «Шығыс» конференциясында 5-ші орынға және ҚХЛ чемпионатының жалпы турнир кестесінде 10-шы орынға тұрақтады.

Келесі ойынды біздің хоккейшілер өз алаңында өткізеді. Олар ертең Братиславаның «Слован» командасымен кездеседі.