«Бас иіп рахметімді айтамын»: Өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің жары марқұм күйеуіне желіде жантебірентерлік жазба арнап, елді жылатты

Ол марқұм күйеуіне бәрі үшін рахмет айтып, бас иетінін жазған, деп хабарлайды Caravan.kz тілшісі.

Әнел Забикуллина жантебірентерлік жазбасын Instagram желісіндегі парақшада жазған.

«Ең әуелі Аллаға шүкір етемін. Асқарыма бас иіп рахметімді айтамын. Менің жан-жарым болғаны үшін, жақсы-жаман күндерде әрқашан жанымнан табылғаны үшін, барлық еркелігімді көтере алғаны үшін, сүйікті жарым деп мені ғана атағаны үшін, тәп-тәтті қыздарымыздың әкесі болғаны үшін, әке деген құрметті атқа лайық болғаны үшін, біздің арқа-сүйер тірегіміз болып, жан-жылуын төккені үшін, жұмыстан үйге қайтқанда үнемі күліп кіріп, жарық шуақ сыйлағаны үшін, мені, балаларды қуанту үшін бар жағдайды жасағаны үшін, отбасы үшін күні-түні демей еңбек етуге әзір болғаны үшін, бақытты отбасы болуға барынша талпынғаны үшін алғысым шексіз. Алғыс айтудан шаршамаймын да.

Одан кейін ата-анама, бауырларыма, ағайын туысқандарыма алғысымды айтамын. Алғысымды жабыққанда жанымнан табылған, қиналғанда маған қарайласқан, маған демеу болған достарыма айтамын. Және де біздің тілеуімізді тілеп, үнемі дұғаларыңызға қосып жүрген Сіздерге де алғысымды айтамын. Ұмытпаңыз! Мұсылманның әр күні алғысқа толы! Біз үнемі тілімізбен де, жүрегімізбен де Аллаға, адамдарға алғыс айтудан тынбауымыз керек», - деп жазды ол.

Желі қолданушылары марқұм өрт сөндірушінің жарының мұндай тілегін оқып, жылап жібергендерін жасырмады.


«Оқып отырып, тамағыма өксік тұрды, өмір неткен қатал едің», «Қандай әсерлі жазба, Асқар сіздің осы ниетіңізді біліп, сезіп жатыр, балапандарыңыз аман болсын», «Әнел, сізге Алла сабыр берсін, өзіңізге мың алғыс, Асқардай аяулы азаматтың жары болып, өмірге осындай періштелерді әкелгеніңізге», «Сізді көрген сайын көзіме жас келеді, бақұл бол біздің батыр» деп жазды олар.

Айта кетейік, өткен жылы Астанадағы тұрғын-үйлердің бірінде өрт шығып, Асқар Забикуллин тілсіз жаудан үш адамды аман алып шығып, өзі өртте қалып, кейін ауруханада көз жұмған еді. Кейін Президент тапсырмасымен елордада батыр өрт сөндіруші атына көшенің аты берілді.