«Мұса мырза» мешіті «қалауын тапса қар жанар» дегендей, аймақ басшыларының, дініміздің жанашыр кәсіпкерлерінің қоолдауымен қүрделі жөндеу жасалып, жаңартылып, Баянауыл халқының игілігіне қайта берілді.
Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазірет облыс әкімі Ерлан Мұхтарұлы бастаған қала, аудан басшылары, ардагерлер мен ақсақалдар, кәсіпкерлермен қатар мешітттің ашылуын асыға күткен мұсылман жамағаттың алдында сөйлеген сөзінде:
- Бүгін мен ұлы дария Ертістің киелі де қасиетті Кереку - Баян өңірінде үш бірдей рухани орданың ашылуына қатысып, ерекше әсерленіп тұрмын. Біріншісі, Павлодар қаласындағы имандылық пен ізгілік білімінің ордасы болған «Әбу Бәкір Сыддық» медресесінің жаңа ғимаратының ашылуы болса, екіншісі қазақ ұлттық ғылымының біртуар тұлғасы болған Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың «Баянауыл мемориалдық мұражайының» күрделі жөндеу мен қайта жабдықтаудан кейінгі ашылу салтанатына қатыстым. Енді міне, халық арасында абыройы мен беделі жоғары болып «мырза» атанған, аға сұлтан бола жүріп, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін арттыру, мәдениетін дамытуда зор үлес қосқан қоғам қайраткері Мұса Шорманұлының атындағы мешіттің жаңғырып ашылу салтанатына куә болып тұрмын. Қасиетті Құран Кәрімде: «Адамзатты Өзіме құлшылық қылу үшін жараттым», - деген. Дін - бүкіл әлемде адамдардың рухани дүниетанымын байыта отырып, жер бетіндегі адамзат қауымының өмір сүру игілігіне өз үлесін қосатын қуатты күш. Сондықтан сол күшті адамдар арасындағы достық пен ынтымақтастыққа және мемлекетіміздің дамуына жұмсауымыз қажет. Соның ішінде өзара келісім мен жарасымдылыққа ата-бабамыздан бері тұтынып келген дәстүрлі дініміздің қосар үлесі өлшеусіз. Халқымызда «Бірлік - береке бастауы» деген нақыл бар. Діни басқарма өзінің сан-салалы қызметін Елбасының берекелі бастамаларына қолдау білдіре отырып, көп ұлтты, көп ұлысты еліміздің ынтымағы мен бірлігін күшейте түсуге бағыттап отыр. Алла тағала адам баласына бейбітшілік пен әділдікті сый етті. Олай болса Жаратушы Иеміздің сыйының бағасын біліп, қастерлеуге тиіспіз, - дей келе: «Құрметті дін жанашырлары, аудан халқы, діндар қауым, бүгінгі салтанатты шараға жиналған қауым! Еліміздің іргесі берік, бірлігі мығым болғай. Еліміздің игілігі жолында қызмет етіп жүрген аға-бауырларымыздың жұмысы берекелі болсын. Халық аман, ел тыныш болсын!» - деп дұға жасады.
Жаңа мешіт ғимаратының алғашқы тұсаукесер лентасын қиған Бас мүфти мешітте жамағатпен бірге бесін намазын оқыды.
Салтанатты рәсім барысында Бас мүфти Павлодар облысының барлық имамдарының көшпелі кеңесін өткізіп, оларға бүгінгі таңда жастарды жат ағымдардан сақтандыру, имандылық жолына тәрбиелеу үшін имамдар қандай бағыттарда жұмыс жүргізу, уағыз-насихатты қалай айта білу керектігі жөнінде ақыл-кеңестер берді.
Шара соңында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазірет киелі Баянауыл өңірінің тумасы, ағартушы, философ, дін қайраткері, ақын, халық мұраларын жинақтаушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының (шын аты Адамжүсіп Көпжасарұлы) Жаңажол ауылы, Ескелді шатқалындағы кесенесінде болып, зиярат жасады.