Бас мүфти: Қадір кеші - сауаптар еселеніп жазылатын ерекше, қасиетті түн

***

                                                                  Құрметті бауырлар, қадірлі жамағат!

Қадір түніне баршамызды аман-есен жеткізген Алла Тағалаға шексіз шүкірлер мен мадақтар болсын!

«Қадір» сөзі араб тілінен аударғанда «қасиетті түн» деген мағынаны білдіреді. Бұл - Құран түскен түн. Алла Тағала «Қадір» сүресінде: «Расында Біз Құранды қадір түні түсірдік. Қадір кеші мың айдан қайырлы», - деп баяндаған.

Түндердің төресі, мың айдан қайырлы, періштелер жерге түсіп, жер бетінде береке орнайтын Қадір кеші - сауаптар еселеніп жазылатын ерекше, қасиетті түн.

Жаратушы Иеміз бұл түні шынайы намаз оқып, Өзіне жалбарына дұға жасаған пенденің барлық қайырлы амалдарын қабыл етеді. Өткен қате-кемшіліктері мен күнәлары үшін өкініп, Жаратқаннан кешірілуін тілеген адамның тілегі де қабыл болмақ. Сондықтан осы кеште көбірек дұға жасаған абзал.

  Айша анамыз 
(
Алла оған разы болсын) пайғамбарымыз Мұхаммедтен (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі! Егер Қадір түніне жетсем, қандай дұға жасайын?» - деп сұрайды. Сонда екі дүние сәруары: «Уа, Алла! Сен тым кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, мені де кешіре гөр!», - деп дұға жасауды өсиет еткен.

Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде: «Алла Тағала Қадір түнін менің үмметіме сыйлық етіп берген. Мұндай нығмет бұрынғы үмметке бұйырмаған», - деп Сіз бен бізге сүйінші хабар айтып, шаттыққа бөлеген.

Алла Тағала баршамыздың дұға-тілектерімізді, әрбір қайырлы амалдарымызды Қадір түнінің құрметі үшін қабыл еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Бірлігіміз бен берекеміз артып, Жаратушы Иеміз әрқашан халқымызға жар болғай! Әмин!