Бұл туралы Ораз Әлімбеков фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Бас мүфтидің пресс-хатшысы екіжүзді ме?
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Өтпенов 31 наурыздың кешінде «Қазақстан» қонақ үйіндегі Қаңтар құрбандарының қаны төгілген BALLROOM салтанат залында ауызашар берген. Оған ірі кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері, журналистер,.. шақырылған-ды. ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы қазір тәңірші болып кеткен экс-имам «Тұрарбек Құсайынов ауызашарға шақырылған қонақтардың тізімінде болмаған,.. ол мүфтияттың ауызашарға шақыру қағазының дизайнын өзгертіп, өзінің аты-жөнін қойып, жалған ақпарат таратты» деп жатыр. Пресс-хатшының осы сөзі рас па, әлде ол өтірікті судай сіміріп алған ба?
Экс-имам Тұрарбек Құсайынов - мүфтиятты, ҚМДБ молдаларының жаман қылығын сынап келе жатқан белсенді. Пресс-хатшы Ағабек Қонарбайұлы «мүфтиятты сынап жүрген Тұрарбек Құсайыновты, яғни «дініміздің жауын» неге ауызашарға шақырасыңдар» деген сөзден кейін осындай пост жазған секілді. Шындығында, ҚМДБ басшылығы Бас мүфти атынан беріліп жатқан ауызашарға Тұрарбек Құсайыновтың «ауызын ашу» үшін емес, бұдан былай мүфтиятты сынамайтындай қылып «ауызын жабу» үшін, аузына қақпақ қою үшін шақырған. Құсайынов Бас мүфтидің ауызашарына бармай қойған соң және Қаңтар құрбандарының қаны төгілген жерде тамақ ішпеймін деген мәлімдемесіне бола Ағабек Қонарбайұлы одан өш алып пост жазып отыр.
31 наурыздың таңында бір наиб-мүфти маған да телефон соқты, Бас мүфтидің атынан берілетін ауызашарға шақырды. Тіпті, ол шақырту қағазын (суретте) шопыры арқылы беріп жібермек болды. Мен «ватсапқа жібере салыңыз» дедім. Наиб-мүфти кешке көлік жіберетінін айтты, мен одан да бас тарттым. Кешке тағы телефон соғып, «Қазақстанның» алдында күтіп тұрғанын айтты... Қысқасы, мен де Қаңтар құрбандарының қаны төгілген залда отырып тамақ ішуді жөн санамадым...
Мен де Бас мүфтидің бұл шақыртуын «ауыз аштыру» үшін емес, ҚМДБ молдалары жөнінде жүздеген материал жазған журналистің «ауызын жабу» үшін жасалып отырған саяси-технология» деп түсіндім. Сондықтан Қаңтар құрбандарының әруағын аяқасты етпейін деп Бас мүфтидің ауызашарына бармадым, яғни бас тарттым.
Мүмкін, Бас мүфтидің пресс-хатшысы Ағабек Қонарбайұлы Ақиқаттан аттап мынау суреттегі маған жіберілген шақыру қағазын да «қолдан жасалған» дейтін шығар. Десе, дей берсін. Мен үшін ҚМДБ-ның пресс-хатшысы да, «дінбасымын» деп жүрген Бас мүфти де, оның наиб-мүфтилері мен имамдары да авторитет емес. Мен Ақиқаттың жаршысы Ұлы Жаратушыдан басқа ешкімді мойындамаймын", деп жазды Ораз Әлімбек.
"Ораз деген кісіге қарап, қазақтың “атың шықпаса жер өрте” деген сөзі еріксіз есіме келеді! Аға, үлкендігіңзге жараспайды, өміріңз зая кетпесін жаға жжыртысумен", "Шақырғанда бармаған шақырусыз қалады", "Ореке кешіріңіз. Мүфтиден басқа тема жоқпа?", деп оқырмандар қарсы пікір жазды.