Бас прокуратура: Қазақстаннан ұрланған 1,3 миллион доллар Швейцария банкінен табылды

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы қылмыстық жолмен алынған және елден тысқары жерге заңсыз шығарылған мүлікті қайтару бойынша жұмыс нәтижесінде RothschildBankZurich швейцарлық банкінен 1,3 миллионнан астам АҚШ доллары көлеміндегі «тыйым салынған» ақшалай қаражатты анықтады», — делінген ведомство хабарламасында.

Сөйтсе, қаржы М. Абдралиевке тиесілі екен, ол 2012 жылдан бастап халықаралық іздестірілуде. М. Абдралиевке «Қорғас ісі» бойынша қылмыстық қауымдастықтың мүшелері Т. Жақаевқа, И. Әбдірахмановқа және Б. Құрманалиевке шет елде ақшалай қаражатты заңдастыруға көмектесті деген күдік келген.

Осыған байланысты, прокурор швейцарлық банктегі ақшалай қаражатты тәркілеу туралы өтінішхатты сотқа жолдап, биылғы 29 наурызда Алматы қаласының Алмалы аудандық соты прокурордың өтінішхатын қанағаттандырды.

Одан басқа, бұл қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында «ТАТ Кредит» ЖШС-ның кеңсесін тінту кезінде М. Абдралиевке тиесілі 762 мың АҚШ доллары және 915 мың теңге алынғаны айтылады.


Осыдан кейін прокуратура ақшалай қаражатты тәркілеу үшін сотқа тиісті өтінішхат жолдаған. Нәтижесінде прокуратура органдарының бастамасы бойынша 2,1 миллионнан аса АҚШ доллары мемлекеттің пайдасына тәркіленген.

Айта кетейік, қылмыстық-процестік заңнамаға өзгерістердің енгізілуіне байланысты биылдан бастап үкім шыққанға дейін заңсыз жолмен алынған мүлік тәркілеуге жатады.

Оқи отырыңыз:

Айгүл Иманбаева: Ұлым әкесін үлгі тұтады
Атырау облысының колониясына 27 ұялы телефон алып өтпекші болғандар ұсталды