Бас прокуратура СЭС-тің 11 мыңға тарта талабын негізсіз деп тапқан

Онда бизнесті қорғау жөніндегі жол картасының жүзеге асырылу барысы талқыланды, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің Қарағандыдағы тілшісі.

Бас прокуратура елде қалыпты бизнес орта құру үшін санитарлық-эпидемиологиялық станция мен төтенше жағдайлар желілері бойынша тексерістерді азайту керек деп санайды.

«СЭС және ТЖ желілері бойынша тексерістерде қойылатын 14 мың талаптың 11 мыңы негізсіз деп танылып, алынып тасталды. Тек адамдардың қауіпсіздігі мен денсаулығы үшін маңызды 3 мың талап қалдырылды. Осылайша, кәсіпкерлерге қойылатын талаптарды азайту көзделіп отыр. Себебі, Кеңес заманынан қалған миға кірмейтін, күлкілі, тіпті шектен тыс шыққан талаптар бар. Бұл талаптар заңда көрсетілгендіктен, «шаш ал десе бас алатын» шенеуіктер кәсіпкерлерді қысымға алып, жауапкершілікке тартып, бизнесіне кедергі келтіреді. Сондықтан да біз ескірген талаптарды жоққа шығармақпыз. Бұл талаптар тек бизнеске кедергі келтіріп қана қоймай,ол сыбайлас жемқорлыққа да жол ашады. Себебі, бұл талаптарды ешқашан орындай алмайтындығын кәсіпкер де шенеуік те біледі, сондықтан осы проблеманы шешу үшін кейбір кәсіпкерлер жол іздейді, пара береді. Яғни бұның қоғамға, мемлекетке әкелетін зияны көп», - дейді бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.

Отырыста сондай-ақ, уәкілеттік органдардың, аумақтық органдардың жұмыстарындағы кемшіліктер атап өтілді. Бас прокуратураның басқарма бастығы Ержан Ералиев Қарағанды облысының бизнес ахуалын тоқталып өтті.

«Аймақта кәсіпкерлерді тексеруге құқығы бар 141 мемлекеттік орган бар екен. Осы тексерістер нәтижесінде бизнес тұралап қалады. Ал, Мемлекеттік кірістер департаментінің тексерістерінен кәсіпкерлер ең көп жапа шегеді екен. Сондай-ақ кәсіпкерлерді қылмыстық процеске заңсыз тарту фактілері де анықталған. Мысалы, 50 жастағы кәсіпкер Долгомысловты Экономикалық тергеу қызметінің қызметкері Абдрахманов заңсыз жауапқа тартып, 3 күнге тергеу изоляорына жапқан. Көптеген тексерістерден кейін, прокуратура қылмыс құрамының болмауына байланысты істі тоқтатқан. Ал, Долгомысловтың өміріне бұл үлкен сызат салған. Ол отбасымен ажырасып, денсаулығына да зақым келген. Міне, мұндай мысалдар көп», - деді Ержан Ералиев.

Ержан Ераливтің айтуынша экономикалық қылмыстарды қозғауға ұстанымдар өзгертіледі. Тексеріс нәтижесінде залал келтірілген актілері болған жағдайда ғана қылмыс тіркеледі. Өткен жылдың 14 маусымында өткен «Кәсіпкерлік саласында өткен прокуратура қадағалауы» форумында ұсынылған ұстанымдар бойынша кәсіпкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту он есеге азайған. Яғни, 2016 жылдың бірінші жарты жылдығында кәсіпкерлерге қатысты 6 мыңға тарта қылмыстық іс тіркелсе, екінші жарты жылдықта 560 қылмыстық іс қаралған.


Бас прокуратуның алқа отырысында қаралған тағы бір мәселе, бизнес үшін әкімшілік айыппұлды төмендету.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде әкімшілік процесті ізгілендіру бойынша мәселелер пысықталуда. Атап айтқанда, бизнес үшін әкімшілік айыппұлды төмендету жөніндегі ұсыныс Мәжілісте қаралуда», - деді Ж.Асанов.