Прокурорлардың хабарлауынша, тексеру нәтижесі «өрт қауіпсіздігі саласын мемлекеттік бақылау әлсіз жүргізіліп жатқанын көрсетіп берді».
Атап айтсақ, Астана, Қостанай және Оңтүстік Қазақстан облыстық ТЖ департаменттері табылған кемшіліктердің жойылу барысын қадағаламаған. Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында бұрын өрт қауіпсіздігі тексерілген нысандар тағы өртенген.
Ал, Ақмола, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында ТЖ департаменттерінің шағын кәсіпкерлік нысандарын ешбір негізсіз тексергені анықталды.
Бас прокуратураның мәліметінше, «жалпы 6,5 млн шаршы метрді алып жатқан 796 базарда өрт қауіпсіздігі қанағаттандырарлық дәрежеде сақталмаған».
«Мұның басты себептерінің бірі – мемлекеттік өртке қарсы бақылаудың тиісті деңгейде жүргізілмеуі, ТЖД қызметкерлерінің өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактілерін жасыруы болып отыр», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, қазіргі таңда өртке қарсы қызмет еліміздегі 6989 елді мекеннің 272-сін ғана қорғап отыр. Ауылдық жерлерде тұратын халықтың 90 пайызы өрттен қорғалмаған. Ал, өртке қарсы күресетін ерікті жасақтардың қызметі тиімсіз.
Бүгінгі таңда Қазақстанда осындай 4368 жасақ құрылған, оның құрамындағы адам саны 50 мыңнан асады. Аталған уақыт аралығында ТЖ департаменттері өрттің 67 пайызын өз күшімен, 16 пайызын ерікті жасақтармен бірге сөндірген. Ал, ерікті жасақтар өз күшімен өрттің 12,6 пайызын ауыздықтаған.
Бас прокуратураның хабарлауынша, өртке қатысты қылмыстарды тексерумен айналысатын тергеу және анықтау бөлімдерінің жұмысы да көңілге қонымсыз.
«Статистикалық мәліметтерге қарағанда, 2011-2013 жылдар аралығында қылмыстық қудалау органдары өртке қатысты 2942 қылмысты тіркеген.
Мұндай қылмыс жыл сайын көбейіп барады, мүлдем ашылмайды, қозғалған іс тоқтатылады», - делінген хабарламада.
Мәселен, 2013 жылы қозғалған 1369 қылмыстық істің 959-ы немесе 70 пайызы тоқтатылған.