Бас прокуратура жер қойнауын пайдаланушылардың лицензиялық келісімдерді орындамау деректерін көптеп анықтады

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Бас прокуратура жер қойнауын пайдаланушылардың және уәкілетті мемлекеттік органдардың жер қойнауын пайдалану саласындағы заңдылықтарды сақтауына жүргізілген тексерулерінің қорытындысына талдау жасады

Талдау барысында кең таралған заң бұзушылықтарға өнімді өз бетімен алу, жер қойнауын пайдаланушыларда жобалық құжаттарына экологиялық сараптаманың, жер қойнауын пайдалану жөніндегі экологиялық рұқсатнаманың және қалдықтарды орналастыру рұқсатының болмауы жатады. Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың лицензиялық-келісімдерді орындамау фактілері де анықталды.

Тексеру басталған 2007 жылдың қараша айынан бері елімізде кең таралған пайдалы қазбаларды алумен барлығы 1 628 жер қойнауын пайдаланушы айналысқан. Осылардың ішінен өз міндеттерін тек 353 жер қойнауын пайдаланушы ғана орындаған. 462 кәсіпорын лицензиялық-келісімнің шарттарының тек жартысын ғана орындаған, ал 124 жер қойнауын пайдаланушы өз міндеттерін орындауға тіпті кіріспеген.

Бұл ұйымдардың көпшілігі негізінен Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында орналасқан.

Кең таралған пайдалы қазбаларды өз бетімен алудың 89 фактісін прокуратура органдары басшылық жасаған жер қойнауын пайдалану туралы заңдылықтың қолдануын тексеру жөніндегі мемлекеттік комиссиясы анықтаған. Осы фактілер бойынша қоршаған ортаға келтірілген 88 млн. астам теңге залал жөніндегі прокурорлардың талапарыздары қанағаттандырылды.

Мысалы, Атырау облысындағы "Еко Иншаат ве Тиджарет Лимитед" компаниясынан өнімді өз бетімен алғандары үшін мемлекетке келтірілген залалдың орнын толтыруға 63 миллионға жуық теңге өндіріп алынды.

Ал Шығыс Қазақстан облысындағы "Теміржолқұрылыс" акционерлік қоғамы кеңінен пайдалынатын қазбаларды өз бетімен алу арқылы қоршаған ортаға 6 миллион теңгеге жуық залал келтірген. Бұл сома да прокурорлардың талапарызы бойынша мемлекет кірісіне өндіріп алынды.

Заңсыз қызметпен айналысқан адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Прокурорлардың наразылығы бойынша жер қойнауын пайдалануға жер учаскелерін бөлу туралы әкімдіктердің 3 шешімнің күші жойылды.

Жүргізілген тексерулер нәтижесінің талдауы заңдылық пен келісім шарттарының бұзылуы теріс пиғылды жер қойнауын пайдаланушылармен ұзақ мерзімді келісімді бұзбай отырған жергілікті атқару органдарының кесірінен пайда болғанын көрсетті.

Сондай-ақ, әкімшіліктердің Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің аймақтық органдарымен өзара байланысы әлсіз болып отыр, ал бұл уәкілетті орган болса жер қойнауын пайдаланушылардың қызметін бақылауды нашар жүргізуде.

Мәселен, олар Алматы облысында жер қойнауын пайдаланушылардың лецензиялық-келісімдік шарттарын орындау жөніндегі тексеру жоспары бойынша 2007 жылы 68 объектілерде тексеру жүргізу керек еді. Бірақ тек 40 объект ғана тексерілген.

Алматы облысының аймағында кең таралған пайдалы қазбаларды алатын барлығы 233 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Ал өткен жылы осы объектілердің жалпы санының тек 17 пайызы ғана тексерілген.

Бұл жағдай негізінен Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің аймақтық құрылымдарында маман кадрларының жетіспеуінен болып отыр.

Өкінішке орай мұндай жағдай басқа аумақтарда да кездеседі.

Бүгінгі күні уәкілетті органдардың жұмысы тек жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан лицензиялық-келісім шарттарын орындауы жөнінде ақпарат жинаумен ғана шектеледі, ал олардың қызметіне бақылау мүлдем жүргізілмейді.

Тексеру нәтижесі бойынша прокурорлар заң бұзушылықты жою мақсатында 25 ұсыныс енгізді, 433 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, лицензиялық-келісім шарттарын бұзған жер қойнауын пайдаланушыларды жазалау мақсатында жергілікті атқарушы органдар прокурорлардың ықпалымен 261 келісімді бұзылды.