Күйеуімен ажырасып, үш баласымен жалғыз қалған Раушан Исламғалиеваның жарты жалақысы мына бір бөлмелі пәтерді жалдауға кетеді. Айлығының қалған бөлігі азық-түлік пен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымына жұмсалады. Раушан «Қолжетімді баспана» бағдарламасына тіркеліп, 3 жыл бойы үздіксіз ақша аударғанына қарамастан, әлі күнге дейін пәтерін тек қағаз жүзінде көріпті.
Раушан Исламғалиева, Ақтау қаласының тұрғыны:
– Мына жерде белгіленген уақыты да бар. 2012-нің екінші кварталында беріледі делінген. Әлі күнге дейін ала алмай жүрміз 2014-тің сәәуір айы болды. Көлемі 39, 27-пәтер деп те, белгілеп берген.
Дәл осындай қиындықты қазір ақтаулық 400 жанұя тартып отыр. Олардың барлығы жарнамасы жер жарған мемлекеттік бағдарламаның салымшылары. «Ақтау-сити» жобасына сенгендердің барлығы құрылыс жұмыстары тоқтатылғандықтан белгіленген уақытта өз пәтерлеріне кіре алмады. Себебі құрылыс талаптары орындалмай, үй сыр берген.
Сәнім-ай Ақботаева, Ақтау қаласының тұрғыны:
– Бағдарлама жабылып қалды деп лақтырып тастады. Одан қайтадан енгізді. Есіміз шығып кетті. Не істерімізді біліп отырған жоқпыз. Бұрын бұл ақшаға біз үй ала алушы едік. Бір пәтерлі болса да.
Қарағандылық «Бесоба» Ақтауда орын алмауы үшін шенеуніктер бұл түйткілдің шешімін іздестіруде. Алайда бір жарым жылдан соң ғана амал тауыпты. Енді үйге толықтай күшейту жұмыстары жүргізілуі тиіс. Бірақ осы әрекетті іске асыруға және қайта жасалған жобалық-сметалық құжаттарға кімнің ақша төлейтіндігі белгісіз.
Сүйіндік Алдашев, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары
– Бұл нысанда құрылыс жұмысы жалғасады. Биыл болмаса да, келесі жылы жұмыс аяқталады да, тапсырылады. Ал кімге дәл қазір баспана керек, оларға басқа жерде басталған 300 пәтерлік нысандағы пәтерге ауыстыру мәселесін талқылап жатырмыз.
Осы күнге дейін тек ауызша уәдемен тойдырып келген жауаптылардан жиналған жұрт жазбаша кепілдеме беруді талап етті. Бірақ соңғылары пәтерлерін басқасына ауыстыру жайлы ұсыныс жасады. Оның да құрылысы әлі аяқталмаған екен.