Баспана бағасы қай қалаларда жылдам қымбаттап жатыр?

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Наурыз айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жаңа тұрғын үй Астанада 20,7%, Алматыда 20,2%-ға қымбаттаған. Бұл қалаларда халық санының артуы, урбанизация және инфрақұрылымның дамуы сұранысты күшейтіп отыр.

Орташа өсім Қонаев (16,7%), Павлодар (15,9%), Шымкент (10,8%) және Өскемен (10,2%) қалаларында байқалды. Ал Жезқазған мен Петропавл қалаларында баға өзгермеген.

Ал қайталама тұрғын үй нарығында көшбасшы – Алматы (15,4%). Сонымен қатар Түркістан (13,7%) мен Ақтөбе (13%) қалаларында да өсім жоғары. Орташа деңгейдегі өсім Павлодар (12,9%), Талдықорған (11,6%), Өскемен (10,8%) және Астана (10,1%) қалаларында тіркелді. Жезқазған қаласында бұл сегментте де өсім болған жоқ.

Пәтер бағасына келсек, наурыз айында 1 шаршы метр жаңа тұрғын үйдің орташа бағасы 612,3 мың теңге, ал қайта сатылатын нарықта 624,5 мың теңге болды.

"Ең қымбат қалалар – Астана және Алматы. Мұнда жаңа тұрғын үйдің бағасы тиісінше шаршы метрі 732 мың және 722,4 мың теңге, ал қайта сату кезінде 731,9 мың және 732,5 мың теңге болды", - деп жазды портал.

Сонымен қатар жаңа тұрғын үй қымбат қалалардың қатарына Шымкент (шаршы метрі 535 мың теңге), Атырау (532,2 мың теңге) және Өскемен (530,8 мың теңге) кірді. Ірі екі қаладан бөлек, Атырау (508,2 мың теңге), Семей (477,5 мың теңге) және Шымкент (460,5 мың теңге) қалаларында да қайталама нарықтағы пәтер бағасы жоғары болып отыр.