Баспанаға таласқан жігіт ағасы мен жеңгесін балталап өлтірді

Өзбекстанның Самарқанд облысында жылжымайтын мүлік үшін таласып, ағасы мен жеңгесін балтамен ұрып өлтірген Бахтиёр Шукуров 22 жылға бас бостандығынан айырылды, деп жазды centralasian.org

Самарқанд облыстық соты 12 тамызда Бахтиёр Шукуровты Қылмыстық кодекстің 97-бап, 2-тармағы («Бұрын жасаған қылмысын қайта жасап, қасақана кісі өлтіру») бойынша айыпты деп танып, 22 жыл жазасын қатаң режимдегі түрмеде өткізу жөнінде шешім шығарды. Оған рақымшылық жасалмайды.

14 наурызда Самарқанд облысының Пайшанба қаласында тұратын Бахтиёр Шукуров ата-анасының үйінен шығуын талап еткен 58 жастағы ағасы Абдукаххар мен 55 жастағы жеңгесі Максудты балтамен ұрып өлтірген.

Бахтиёр Шукуровтің туыстары Озодлик (Азаттықтың өзбек қызметі) тілшісіне сот шешіміне көңілдері толатынын жеткізді. Олардың айтуынша, Шукуров 2003 жылдан 2014 жылға дейін "тонау" және "кісі өлтіру" айыбы бойынша түрмеде отырып шыққан. 2014 жылы Өзбекстан президентінің жариялаған рақымшылығы негізінде, ол бостандыққа шыққан.