Қазалыдағы спорт мектебіндегі еркін күрес залын паналаған жандар осымен екінші апта өркениеттен алыстадық деп отыр. Баспанасы өртеніп, өздері далада қалған соң жергілікті шенділер 17 отбасын осы ғимаратқа орналастырған екен. Ішінде не суы, не жылуы жоқ.
Гүлжахан Ізтілеуова, Қазалы кентінің тұрғыны:
- 3 балам бар екеуі қасымда сабаққа бара алмай отыр. Киімдері жоқ, дәптер-қаламдары да жоқ. Жалаң аяқ, жалаң бас далада қаңғып жүрдік. Екі күн адамдар келді де қайда апарамыз, не істейміз, басымыз қатып кетті деп айқайлайды, біз де оларға айтамыз. Там тауып бер деп.
Атқамінерлердің аузына қарамай, өздері-ақ әрекет етуге тырысқан тұрғындардың тауы шағылыпты. Шағын кентте жалдай қоятын баспана да қат.
Гүлзинаш Нәбиева, Қазалы кентінің тұрғыны:
- Пәтерге бермейді қазір ешкім. Қыстың көзі қырауда бәрі пәтерді жалдап тастаған. Бес баламен ешкім бермейді, біреу бүлдіресіңдер дейді, біреу еуроремонт жасап тастағанмын дейді.
15 күн бойы ыстық тамақ жемей, бүрсеңдеп жүргендердің барлығы мына екі қабатты ескі үйде тұрыпты. 25-ші қазанда тұтанған қызыл жалын тез таралып, ғимаратты толық шарпыған. Жұрт содан бері құр сөзбен алдап келе жатқан әкімдіктің әрекетіне наразы.
- Тұрған мына әкімдер, айтатындары өтірік. Кеше біз бардық қанша отбасы обай, түстен кейін пәтердің ақшасын апарып береміз, дайындап береміз деді, жоқ.
Ал басшылар әдетіне салып, тұрғындардың жағдай қалыпты дегенді алға тартты. Тіпті пәтер іздеп сабылып жүргендіктен, екі апта олармен жүздесе де алмаған. Бірақ сабырға шақырған басшы панасыздардың далада қанша жүретіні белгісіз деп айтты.
Сұлтан Мақашев, Қазалы ауданы әкімінің міндетін атқарушы:
- Жөндеуге жатпайды, қайтадан бұзылады. Қайтадан салынады. Бұл енді алып қайтадан сала қоятын нәрсе емес, ол мемлекеттің қаражатына салынады. Қанша уақыт құрылысқа кетеді, қашан пәтерлеріңіз шешіледі, сонша уақыт жүресіздер.
Күтуден өзге амалы жоқтар қыстың көзі қырауда далада қаламыз деп үрейленеді. Себебі спорт мектебінен де оларды қуып шығуы мүмкін. Киім-кешегіне дейін өртеніп кеткендерге әкімдік әлі бір реттік көмек те көрсетпепті.