"Басшылықтан қысым көп, жұмыстан кетіп жатыр": Журналист білікті дәрігерлердің жаппай шетелге кеткенін айтып, дабыл қақты

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Бұл туралы журналист өзінің желідегі парақшасында мәлім етті.

"Екі мықты әрі жас гастроэнтеролог, гепотолог шетелге кетті... "Дәрігерлерге басшылықтан қысым көп, мамандар жұмыстан кетіп жатыр" - деп мәселе көтеріпті депутат Нұргүл Тау. Кадр тапшылығының негізі осы депті. Мықты мамандардың шет елге кетіп жатуына түрткі көп факторлардың бірі де осы болуы мүмкін. Яғни, бағаламау.

Анам (марқұм) бауыр циррозымен ұзақ жылдар ауырды. 2017 жылы бауыры трансплантацияланды. Оны білікті дәрігер Жақсылық Досқалиев жасады. Операциядан кейін анам 1,5 айдай Ұлттық ғылыми медициналық орталығында жатты. Сол кезде бір жас жігіт болды, атын ұмыттым. Гастроэнтеролог. Жас болса да, өз жұмысын керемет білетін. Заманауи құрылғылардың тілін жетік меңгерген. Гиппократқа берген антын артығымен орындайтын. Қазақша, орысша, ағылшынша еркін сөйлейтін. Таңданып, тамсанып, құрметтейтінбіз. Сол жігіт Жапонияға кетіп қалды. Шақыртумен сол жақтағы медицина саласында жұмыс істеуге. 

Кейін анам ауруханадан шыққан соң, тұрақты дәрігер бақылауында болды. Трансплантология орталығында Қахарман Есмембетов(суртетте) деген гастроэнтеролог, гепотолог маманға тап болдық. Жас та болса, білікті, ұқыпты, жауапты болды. Мамамды уақытында шақырып, әр анализ нәтижесін мұқият қарап, ем-домды мөлшерімен жазып, апа деп бүге-шүгесіне дейін ерінбей түсіндіріп беретін, қазақша. Тіпті, “зейнеткерсіз ғой” деп арзан дәрілердің қай аптекада сатылатынына дейін айтатын. Кейін Кореядағы клиникадан шақырту алып, отбасымен көшіп кетті. Біз отбасымызбен жақсы көретінбіз. Кеткенде кәдімгідей көңіліміз құлазыды. Кейіннен біраз дәрігердің бақылауында болдық, ұнамады. Сөйтіп, Досқалиевке қайта бардық.

Айтпағым, мықты мамандар болды, қазір де бар. Бірақ, алып қала алмай жатырмыз. Өкінішті…", - деп жазды ол.