Батырхан Шүкенов қазақ зиялылары жатқан «Кеңсай» зиратына жерленді

Дара өнерпазбен бүгін қоштасуға келген адам санында есеп жоқ. Жасы да, кәрісі де, бәрі Батырханның әнін сүйіп таңдайтындар. Кезінде «А-студио» тобы осы филармонияда құрылған еді.

Әншінің досы да, әріптесі де көп болған екен. Әсіресе, шет сырт елде. Бүгін мұнда Мәскеуден, Киевтен және Ригадан келгендер де бар. Әрине, «А-студиодағы» жолдастарының орны бөлек. АҚШ-та тұратын жалғыз ұлы, 13 жастағы Мақсұт та әкесінің басына топырақ салуға үлгеріп келген.

Руслан Магомедов, Б.Шүкеновтың директоры:

 - Мұнша адамның жиналуы ең алдымен Батырға деген үлкен құрметті көрсетеді. Біз жай әріптес емес, дос, бауыр болдық. Соңғы күнінде де бірге жүрдік. Жұмыс бітіп, ол үйіне сап-сау кеткен. Сосын таңға жуық шұғыл қоңырау түсті. Аураханаға барғанда аздап есін білген. «Басым айналып тұр» деген. Маған айтқан соңғы сөзі осы болды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айтып, жолдаған хатын Алматы әкімі Ахметжан Есімов оқып берді. Енді әншінің туған күнінде, яғни 18 мамырда Алматыда оның құрметіне үлкен концерт өтетін болды. Бұл күні Батырхан Шүкенов 53 жасқа толамақ еді. Жалпы, сондай концертті осы айдың аяғына Астана мен Алматыда әншінің өзі де өтізуді жоспарлап жүрген болатын.


Еркеш Шәкеев, Б.Шүкеновтың досы, композитор:

- Батырхан, жан досым, жүрегімде әрқашан боласың! Жатқан жерін жаннатта болсын! Әумин.

Мұқасан Шахзадаев, әнші:

- Ағамыздың кеткені біз үшін де үлкен қайғы. Қазақ елі, халқы үшін. Орысша әндер айтса да, бәрібір арт жағында кәдімгідей қазақтың иісі шығып тұратыны анық еді.

Кеше музыкантпен Мәскеу жұртшылығы да қоштасты. Батырхан онда «Один в один» деп аталатын шоуға қатысуға барған. Тек 28 сәуірде дайындықтан оралған соң, түн жарымда жүрегі сыр беріп, дәрігер шықыртыпты. Бірақ бәрі кеш еді. Енді марқұмға «Кеңсай» зиратында, қазақтың тау тұлғалары жатқан ортада топырақ бұйырды. Жұрт сүйікті әншілерін өлімге бәрібір қияр емес. Тіпті рухы сақталсын деген ниетпен қабырғаларға Батырхан Шүкеновтің суреттерін салып жатыр.

Loading...