"Батырлармыз жер үшін емес, Ислам діні үшін соғысқан": Актер заң алдында жауап беруі мүмкін

Тарихты бұрмалау арқылы Ғалымжан Құрманбектің көздеген мақсаты не?

«Ғалымжан Құрманбековтің сөзі терроризмді ашық насихаттау» деген азаматтар тиісті орынға шағым түсірді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Бұл туралы журналист Оңғар Қабден өзінің фейсбук парақшасында жазды.

Қазақстан қоғамының бір топ белсенді азаматтары «Қазақ батырлары дін үшін соғысты» деген Ғалымжан Құрманбековтің сөзіне заңдық тұрғыда баға беруді сұрап ресми хат жолдады деп жазады Democrat.kz.ақпараттық порталы. Хаттың мәтінін тұтастай назарларыңызға ұсынамыз.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа!

ҚР Бас прокуроры Асылов Берік Ноғайұлына!

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Сағымбаев Ермек Алдабергенұлына!

Қазақстан азаматы Ғалымжан Құрманбеков “НұрМүбарак” университетінде өткен бір іс-шарада “Қарасай батыр, Қабанбай батыр, Бөгенбай батырларымыз жер үшін емес, дін үшін соғысты” деп тарихты бұрмалап, Қазақстанда тиым салынған Аль-Каида,ИГИЛ,Талибан т.б экстремистік топтардың риторикасын дәлме-дәл қайталады.

Тарих бойынша қазақтың бүкіл батырлары әрқашан жер мен Отанын қорғау жолында қанын төккенін жоққа шығаратын Ғалымжан Құрманбековтің ашықтан ашық терроризмді көпе-көрінеу бұлай жария формада насихаттауы тұтас қазақ ұлтының ренішін тудырды.

Ғалымжан Құрманбековтің бұл сөзі ҚР Қылмыстық кодексінің 256 бабы, яғни терроризмді ашық насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру боп табылады.

Атап айтқанда Ғалымжан Құрманбеков “батырларымыз дін үшін соғысты” дей отырып, жастарды дін үшін соғысқа ашық үндеп отыр.

Мұнан бөлек, Ғалымжан Құрманбековтің бұл сөздері Қазақ тарихын, қазақ ұлтын қорлау болып табылады. Мөрі басылған, дәлел-деректері бар шынайы тарихымыздың батыр тұлғаларын “дін үшін соғысты” деу — жалған ақпарат. Жастардың санасына мұндай жалған ақпаратты құйып, “дін үшін” соғысқа үндеу — Ата заңымыздағы терроризм бабына сәйкес келеді.

Аталған мәселе бойынша тез арада құқықтық баға беріп, Ғалымжан Құрманбековті заң алдында жауапқа тартуды сұраймыз. Қазақстан — зайырлы мемлекет.

Қазақстан — атадан-балаға мирас болған тарихы бар тәуелсіз, құқықтық мемлекет. Қазақстанның батырларына тіл тигізуге, Қазақстанның тарихын бұрмалап, жалған ақпарат таратуға ешкімнің де қақысы жоқ. Қазақтың тарихын бұрмалау — қазақ ұлтына жасалған қастандық деп білеміз.

Құрметпен қоғам белсендісі Мұқышева Нұргүл Тазабекқызы және бір топ Қазақстан азаматтары.