Онда аталмыш компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Әліби Ахметжанов ұжымды мерейтоймен құттықтады. Кәсіпорынның бір топ жұмысшыларына сый-сияпат көрсетті. Облыс әкімінің орынбасары Марат Кәрімов зауыттың еліміздің мұнай-газ саласының өркендеуіне нақты іспен, жоғары технологияны меңгеру арқылы үлес қосып келе жатқанын атап өтті. «Басқасын былай қойғанда зауыт сағатына жылдамдығы 550 шақырымды бағындыратын төрт орындық ұшақ дайындап шығарды, - деді Марат Кәрімов. - Мұндай ұшақ елімізде әлі жоқ. Компания өз қаржысына мамандарын шетелде оқытып, дайындап жатыр».
Сонан соң бір топ зауыт қызметкерлеріне облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан алғысхаттар тапсырды. Шара барысында әріптес компаниялардың өкілдері де жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Аталмыш зауыт бастауын кеңестік заманда әскери қару-жарақ шығарумен елімізден тысқары мемлекеттерге танылған «Металлист» зауытынан алады.
Облыстағы машина жасау саласының көшбасшысы саналатын кәсіпорынның мұнай-газ, энергетика, ауыл шаруашылығы салаларына арналған өнімдері жоғары сұранысқа ие. Компанияның өндірістік базасында "General Electric" компаниясының лицензиялық технологиясы негізінде газтурбиналық қондырғыларды жөндеу, автоматика және басқару жүйесіне қызмет көрсету және жөндеу бойынша сервистік орталық құрылды. Сондай-ақ суды жылыту қондырғысын, ПП-1.6 өндірістік пешін өндіру қолға алынды. Азаматтық бағыттағы шағын авиация өндірісі және жоғары қысымды сорғы құралдарын жөндеу, өндіру жобасы іске асырылуда.