Батыс Қазақстан облысы мен Волгоград облыстарының шекарасындағы кедендік бақылау процедурасын жеңілдету қажет - Волгоград облыстық әкімшілігі

П.Чумаковтың атап көрсетуінше, "шекаралық бекеттерді біржола жойып жіберу мүмкін емес, бірақ шекаралық аймақтарда тұратын азаматтар одан кедергісіз өтуге мүмкіндік алуы тиіс". Волгоград облысының Палласов ауданы Батыс Қазақстан облысының Бөкейорда және Жәнібек аудандарымен шекараласады. Палласов ауданының өзінде жергілікті қазақ диаспорасы өкілдерінің ауқымды бөлігі тұрады. Олардың көпшілігі Батыс Қазақстан облысының тумалары.

П.Чумаковтың пікірінше, кедендік бақылау процедурасын жеңілдету Батыс Қазақстан облысы мен Волгоград облысы арасындағы тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді.
Батыс Қазақстан облыстық әкімшілігінің сыртқы экономикалық байланыс бөлімінің мәліметі бойынша, 2003-жылы Батыс Қазақстан облысы Волгоград өңіріне 181,1 мың доллардың өнімдерін экспортқа шығарып, 6598,3 мың доллардың өнімдерін импорттаған. Бұл басқа шекаралық облыстармен салыстырғанда тауар айналымына қатысты ең төмен көрсеткіш. Қазіргі жағдаймен Батыс Қазақстан облысы мен Волгоград облысы арасында бірде-бір бірлескен кәсіпорын құрылмаған. "Өзара сауда-экономикалық байланыстарды дамыту үшін тауар өндірушілер арасында қосымша келісім-шарттарға қол қойып, өзара өкілдер алмасу, байланыстарды жандандыру керек",- дейді П.Чумаков.