Министрліктің ақпаратына сәйкес, апат 26-мамырда 14 сағат 29 минутта Бөкейорда ауданындағы Шұнғай елді мекенінің маңында болған. Орал шекара отрядының "Шұнғай" заставасына қарасты "УАЗ" автокөлігі Махачкала -Мәскеу бағытындағы №85 жолаушылар поезының локомотивімен соғысып қалған.
Апат салдарынан автокөліктің жүргізушісі мен оның жолаушысы жарақат салдарынан оқиға орнында мерт болды. Апатқа байланысты аталмыш жол учаскесіндегі қозғалыс екі сағатқа тоқтатылды.
Сонымен бірге 26-мамырда Ағадыр-Қарағанды-Сортировочная бағытындағы жүк поезының бос вагонының жолдан шығып кетуі салдарынан үш сағатқа қозғалыс тоқтатылды. Бұл оқиға Қарағанды облысындағы Қарамұрын станциясында болған.