Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің мәліметіне сәйкес, 1-қарашада Батыс Қазақстан облысының Қазтал ауданында 11 сағат 10 минутта "Орталық Азия-Орталық" ЖАҚ-ына қарасты САЦ 4-1 газ құбырында тұрба үзіліп, газ жарылды. Оқыс оқиға салдарынан "Қазстройсервис" мердігерлік ұйымының үш жұмысшысы күйік салдарынан қаза тапты. Олар жарылған құбырмен параллель САЦ-3 құбырын жөндеу жұмыстарымен айналысып жүрген. 1 және 2-дәрежелі күйік алған тағы үш жұмысшы Қараоба ауылындағы ауруханаға жатқызылды.
ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінен хабарлағанындай, апат болған жерде САЦ 4-1, САЦ 4-2, САЦ 3, "Союз" және "Оренбург - Новопсков" сынды бес магистральды газ құбыры өтеді.
Ресей аумағындағы крандардың көмегімен құбырдың үзілген бөлігіне газ жіберу тоқтатылды. Өрт ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің мемлекеттік өртке қарсы күрес қызметінің күшімен 20 сағатта сөндірілді.
Қазір оқыс оқиғаның зардаптарын жоюға 34 адам, соның ішінде Чижа ауылының компрессорлық станциясының қалпына келтіру тобы, "Семсер" күзет қызметінің адамдары қатысуда.