Батыс Қазақстан облысының күрделі мәселелері шешімін табатын болады - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов

Алдымен Зеленов ауданы Янайкин ауылында салынып жатқан, 8640 басқа арналған «Crown Батыс» ЖШС-інің мал бордақылау кешені құрылысымен танысқан Кәрім Мәсімов осында өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті. Батыс Қазақстан облысында биыл егіншілік саласында күрделі жағдай қалыптасып отыр. Екінші жыл қатарынан қуаңшылық болып, егіннің басым бөлігінің күйіп кетуі, оның үстіне биыл сақтандыру компанияларының сырт айналуы диқандарға қиын соқты. Мұндай жағдайда жер емген шаруалардың алған қарыздарын өтеуді кейінге қалдыруды сұрауы түсінікті болса керек. Сонымен бірге өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін еліміздің солтүстік аймақтарынан 150 мың тонна астық қабылдауға мүмкіндік бар.

Премьер-Министр қуаңшылыққа ұрынған еліміздің жекелеген өңірлерінде қалыптасқан жағдайға байланысты жұмыс тобын құру жөніндегі өкімге сол бойда қол қойды. Жұмыс тобына ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев жетекшілік ететін болады. Сондай-ақ Кәрім Мәсімов алдағы дүйсенбіде еліміздің солтүстік аймақтарынан Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарына астық жеткізу жөнінде қаулы қабылданатынын да жеткізді.

Премьер-Министр Батыс Қазақстан облысында Елбасы тапсырмаларының орындалып жатқанын айтып, атқарылған жұмыстарға оң баға берді. Мәселен, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын алайық. Оралға қарасты Зачаган кентінде салынып жатқан 200 төсектік облыстық көпбейінді балалар ауруханасы құрылысымен танысып, қаланың «Солтүстік-Шығыс» шағынауданындағы №5 емхананың ашылу салтанатына қатысып, осында медицина қызметкерлерімен де кеңес өткізген Үкімет басшысы денсаулық сақтау саласында қолға алынған шаралардың алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді. Елбасының биылғы Жолдауында айтылғанындай, 2020 жылға дейін ана мен сәби өлімін болдырмау, туберкулез кеселін барынша азайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы істердің күн тәртібінен түспейтіндігі анық. Бұл ретте қазіргі заманғы нысандардың пайдалануға беріліп, олардың талапқа сай жабдықталуы маңызды екендігі айтпай-ақ түсінікті. Айталық, Үкімет басшысы ашқан, ауысымына 500 адамды қабылдайтын №5 емхана ғимараты Орал қаласында бұрын-соңды болған емес. Мұндай жаңа үлгідегі емханалардың адам бойындағы ауруды неғұрлым ерте анықтап, тіпті оның алдын алуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Облыста «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына сәйкес өткен жылы Жаңақала ауданы орталығында ауданаралық сауықтыру орталығы салынып бітсе, биыл бес бірдей нысан пайдалануға берілмек. Ал келесі жылы Орал қаласында 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысы басталмақ. Сонда аталмыш бағдарламаға сәйкес Батыс Қазақстан барлығы жеті денсаулық нысаны іске қосылатын болса, оның мектептер бөлігі бойынша жоспар өткен жылдары орындалған еді. Алайда мәселе осымен бітті деген сөз емес. Мәселен, Орал қаласының 20 мыңдай адам тұратын солтүстік-шығысындағы шеткері аймағында 1200 орындық мектеп пен 320 орындық балабақша салу қажеттігі туындап отыр. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің мәлімдегеніндей, мұндағы балалар қаланың сегіз мектебіне қатынап оқиды екен. Бұл, әсіресе, қыс кезінде қиын. Осы мәселені түсіністікпен қабылдаған Қарашығанақты игеріп жатқан «ҚПО б.в.» компаниясы 20 млн. АҚШ долларын бөлді. Енді осы маңнан тағы бір балабақша салынса, бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамтуға жағдай жасалар еді. Үкімет басшысы бұл мәселені де құптайтындығын жеткізді.

Қазақстанда көптеген өзендердің өзге елдерден бастау алатыны белгілі. Соның бірі - талай ақын жырға қосқан, бабаларымыз атын суарған Жайық өзені. Жыл сайын лайланып, тайыздап бара жатқан, бекіре балығы таусылып, жануарлары үрке қашқан өзеннің жай-күйі бұл жолы Премьер-Министрдің төрағалық етуімен жан-жақты талқыланды. Жиынға ресейлік делегацияның қатысып, пікір алысуы да өзіндік салмақ қосты.

Жайықты құтқару болашақ ұрпақ үшін де керек екендігін атап өткен Кәрім Мәсімов Қазақстан мен Ресей басшыларының алдағы қыркүйекте Өскемен қаласында өтетін кездесуінде келісімге қол қойып, нақты шешім қабылдануы үшін соған дейін үкіметаралық деңгейде мәселені тағы бір пысықтап алуды ұсынды. Сонымен қатар ҚР Қаржы министрлігіне Жайықтың арнасын тазарту жұмыстарын жүргізу үшін биылдың өзінде қаржы мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Жайық өзеніне байланысты ұсыныстар әзірленіп, келесі жыл бюджетінен де үлес тиетін болады.

Батыс Қазақстанның оңтүстік аудандарын сумен қамту мәселесі де көптен бері қозғалып келеді. Бұл үшін кемінде Ресейден жыл сайын 138 млн. текше метр Еділ суын алу қажет.

2009 жылы Жайық суын Жайық-Көшім жүйесі арқылы Қараөзен мен Айдархан су қоймасына жеткізу қолға алынды. Бұл жоба биыл аяқталмақ. Сондай-ақ Жайық-Көшім жүйесінен Ақпәтер ауылы тұсында Қараөзенге су жіберу үшін 4,4 млрд. теңгеге бағаланған жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалды. Жаңақала ауданының оңтүстік бөлігін сумен қамту үшін Қараөзеннен Сарыөзенге 10 млн. текше метрге дейін су жіберу де (құны - 292 млн. теңге) көзделуде. Бұл мәселе де Үкімет назарында болмақ.

Батыс Қазақстан облысын Қарашығанақсыз елестету мүмкін емес. Әлемдегі ірі кен орындарының бірі болып есептелетін кеніштің 1998 жылдан бері игеріліп жатқаны белгілі. Өнімді бөлісу жөніндегі түпкілікті келісімге сәйкес Қарашығанақ альянсы жыл сайын өңірдің әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруға қаржы бөліп келеді. Соңғы жылдары көптеген нысандар бой көтерді.

Елбасы тапсырмасына сәйкес «Қарашығанақ-Орал» газ құбырының салынуы облыс үшін ерекше маңызды болды. Бұл 100 мыңнан астам халқы бар 146 елді мекенді газдандыруға мүмкіндік бермек.

Батыс Қазақстанда аталмыш кен өндіру өнеркәсібінің үлесі 90 пайызды құрайды. Сондықтан қазақстандық үлесті арттыру әзір күн тәртібінен түспейді. Премьер-Министр атап өткеніндей, Қарашығанақта ең алдымен Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының жұмыс жасап, жобаға жергілікті кәсіпорындардың барынша көбірек араласуы қажеттігі күмән туғызбайды. Ең бірінші ұлттық мүдделер ескерілуі тиіс. «Бұл ретте шетелдік инвесторлар Үкімет қойып отырған талаптарға, тіпті айтылып жатқан сынға да оң көзімен қарап, сындарлы шаралардың жүзеге асатынына сенемін», деді К.Мәсімов.

Қарашығанақ кенішіне таяу орналасқан Березов ауылының жай-күйі де назардан тыс қалған жоқ. Ауылды басқа қауіпсіз жерге көшіру мәселесін тұрғындар көптен көтеріп келеді. Осы орайда облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов, Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің пайымдауларын тыңдаған Үкімет басшысы бұл мәселені де жан-жақты ойластырып шешуді тапсырды. Соған байланысты Нұрғали Әшімов жетекшілік ететін жұмыс тобы құрылып, ұсыныстар әзірленіп, түпкілікті шешім қабылданатын болды.

Премьер-Министрдің қатысуымен облыс әкімдігінде талқыланған тағы бір мәселе - жолаушы тасымалдау мен автокөлік жолдарының жай-күйі. Облыста 6527,35 шақырым жол болса, соның 5240,35 шақырымы - облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. Жергілікті жолдардың 70 пайыздан астамы күрделі жөндеуді қажет етеді. 2 мың шақырым жолға күрделі жөндеу, 1700 шақырым жолды орта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін республикалық және жергілікті бюджеттен 160,0 млрд. теңге, соның ішінде 2011 жылға 5,76 млрд. теңге бөлу қажет.

Жол мәселесін Кәрім Мәсімов облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке тапсырып, мүмкіндігіне қарай республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлінетіндігін жеткізді.

«Батыс Қазақстанда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен маңызды жиын өткізіп жатқан кезде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев хабарласты. Мен өңірдегі жағдайды мәлім еттім. Мемлекет басшысы барлық мәселелерді қолдайтынын айтты», деді Премьер-Министр сапарының соңында.