Батыс Қазақстанда 22 мәдениет нысанына 5 млрд. 8 млн. теңгенің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, бұл ретте алдымен шалғайдағы аудандарға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, биыл Ақжайық ауданы Сайқұдық ауылындағы клуб және кітапхана, Бөкей ордасы ауданы Мұратсай мен Бөрлі, Казталов ауданы Көктерек және Нұрсай, Қаратөбе ауданы Егіндікөл және Ақтайсай, тағы да басқа елді мекендердегі мәдениет үйлері мен клубтар күрделі жөндеуден өткізілуде.

Биылғы тамыз айында Қазақстан Республикасының халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің 70 жылдық мерейтойы облыс көлемінде тойланды. Күзде Жұбан, Қадыр ақындардың мерейтойлары кең көлемде аталып өтілмек. Ал 2011 жылы ұлы әнші Мұхит Мерәліұлының 170 жылдығына арналған республикалық әншілер, күйші Дина Нұрпейісованың 150 жылдығына орай республикалық күйшілер байқауы, композитор Сейтек Оразәліұлының 150 жылдығына арналған облыстық күйшілер сайысын өткізу жоспарланып отыр.