Олардың саны биылғы оқу жылында 6 бірлікке қысқарып, оқушылар саны 428-ге азайды. Өңірдегі мектептердің 62 пайызы - шағын жинақталған мектептер. Олардағы білім сапасын көтеру мақсатында 2015 жылға қарай 13 тірек мектебін ашу (қазіргі таңда аудандарда мұндай 8 мектеп бар) көзделуде. Бұл туралы 15 қаңтар күні білім саласының өзекті мәселелеріне арналған өткен кеңесте айтылды.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Рақымжан Хамзаның мәлім еткеніндей, өңірде 195 мұғалім өз мамандығы бойынша емес, өзге пәндерден сабақ беруде. Күні бүгін облыста 83 кадр жетіспейді. Әсіресе, мектептер математиктер мен физиктер, химиктер, бастауыш сынып, қазақ тілінде сабақ беретін мектептердегі орыс тілі пәні мұғалімдеріне зәру.
Облыс оқушыларының 75,7 пайызы, ал 1-4-сынып аралығындағы оқушылардың 98,9 пайызы ақысыз ыстық тамақпен қамтылса, Орал қаласы мен Қаратөбе, Шыңғырлау, Қазталов аудандарында бұл көрсеткіш төмен.
Аудандарда спортқа қаржының аз бөлінетіндігі де айтылды. ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 9 шілдедегі отырысында жергілікті жерлердегі дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің салауатты өмір салтын қалыптастыру бағдарламасы бойынша сабақтан тыс жұмыстар жүргізгені үшін базалық жалақысына қосымша 45 пайыз еңбекақы алатындар санын 100 пайызға жеткізу жайлы тапсырылған болатын. Өңірде дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің 29 пайызы ғана сыныптан тыс жұмыстары үшін қосымша ақы алады. Бұл көрсеткіш Бөкей ордасы ауданында 100 пайыз болса, Қаратөбе, Теректі аудандарында 5 пайыз шамасында, ал Ақжайық, Жаңақала, Тасқала, Зеленов аудандарында мүлдем төленбейді.
Мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарына «іссапар шығындарына қаржы жоқ», деген сылтаумен мамандар жібермейтін аудандар да бар.
БҚО білім саласындағы бақылау департаментінің директоры Светлана Бахишеваның айтуынша, тексеріс қорытындылары нәтижесінде облыста 52 мектеп аттестаттаудан өтпесе, соның 20-сы оқушылардың білім деңгейінен «ұсталып» отыр. Шағын жинақталған мектептердің 35 пайызында маман тапшылығы бар, сондай-ақ педагогикалық мамандығы жоқ екі адамның мұғалімдік қызметте жүргені анықталды.
Кеңесті қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен кадр даярлаудың маңызы зор екендігін атап көрсетіп, сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.