Батыс Қазақстанда бір саулық бірден төрт қозы тапты

Мал иесінің ұлы Ринаттың сөзіне қарағанда, ол таңертең қораға кіргенде, өткен жылы төл бермеген саулық қой екі қозы туған екен. Егіз қозы деп тұрғанда, әлгі қой тағы екі қозы туды. Төлдің екеуі еркек те, екеуі ұрғашы. Төртеуі де ширақ. Бірақ біреуі басқаларына қарағанда үлкендеу. Сосын түстері де әр түрлі. Қара, қоңыр, ала және ақ. Осыған дейін төлдеген қойлардың арасында төрт жалқы туған қой бар еді. Қозылар қазір соларға телініп, қосымша сүт берілуде.

Мұндай қызықты естіген ауылдың бұрынғы зоотехнигі Ерғали Досқазиев кеңшар кезінде 30 мың қой болғанда да, мұндай ғажайыптың кездеспегенін айтады.