Батыс Қазақстанда киіктер түгелденіп жатыр

Жиырмасыншы ғасырдың ортасына дейін еліміздегі киік саны миллионнан асып жығылған екен. Алайда есепсіз ату, ауру кесірінен мыңдап  қырылу салдарынан қатары тым селдіреп кеткен болатын. Бүгінде сол көркі көз тартар ақбөкендер саны жыл санап қайта қалыпта келіп жатыр.

Бақтияр Тәшенов, «Охотзоопром» РМҚК ғылыми қызметкері:

-Елбасының тікелей бұйрығымен осы «Охотзоопром» деген мекемеге киікті қорғауға алсын деген қаулы шықты.  2003-тегі саны бойынша 21 мың қалса, 2014 жылдың санағы бойынша 257 мыңға дейін көтеріп отырмыз.

Батыс Қазақстанда бөкендер негізінен Жаңақала, Тасқала, Қазталов аудандары аумағын мекен етеді. Ал олардың санын анықтау үшін мамандар «АН-2» ұшағын пайдаланады. Мамандар ақбөкендердің санын арнайы құрылғы арқылы анықтайды. Көрген бойда суретке түсіріп, уақыты мен жүріс бағытын жазып отырады. Тек оларды түгендеп біткенше мамандар жалпы 50 сағат ұшып жүруі керек. Одан соң, киіктер көзге түскен жерлерге оларды табиғат қаскөйлерінен қорғайтын инспекторлар жіберіледі.

Сәбит Дүйсекенов,
«Охотзоопром» РМҚК
батыс аймақтық филиалының директоры :

-Браконьерлер негізінен олардың мүйізіне қызығады. Кесіп алады да, етін рәсуа қылып тастап кетеді. Оларды қолға түсіріп жатқанымызбен, киікке шабуыл азаймай тұр. Бүгінде облыс аумағындағы киіктердің саны – бар-жоғы 39 мың бас.

Киік атаулының тағы бір жауы – жұқпалы аурулар. Олардың әртүрлі дерттен тез қырылатын осындай әдеті бар. Дегенмен, өте өсімтал аң. Алайда қаншалықты өсіп-жетілгені алдағы жазда бүкіл деректерді бір ортаға жинаған шақта белгілі болмақ. 

Loading...