Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы KAZINFORM.KZ-ке сілтеме жасап хабарлайды.
БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсеновтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, биылдан бастап Наурыз мейрамы 14 — 23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі аясында аталып өтпекші.
Оның сөзіне қарағанда, әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, терең мән-мазмұнға ие болмақ.
14 наурыз — Көрісу айт күні облыс пен аудан орталықтары, елді мекендерде түрлі форматтағы мерекелік шаралар өтетін болады.
«Атамекен» өнер ордасында республикалық VІІ «JAIYQ SAZY» дәстүрлі өнер фестивалі өткізіледі. ҚР Тұңғыш Президенті алаңында аудандардың киіз үйлері тігіліп, концерттік бағдарлама қойылмақ.
«Фестиваль халқымыздың мәдениетін сақтауға және ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу арқылы дәстүрлі өнеріміздің төл туындыларын насихаттауға бағытталған. Фестивальге республикамыздың әр өңірінен күйші, әнші, жыршы-термешілер, атап айтқанда, ҚР халық әртісі Рамазан Стамғазиев, ҚР еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Ербол Айтбаев, Дәуренбек Әркенов, Еркін Шүкіманов, Ардақ Исатаева, жалпы саны 21 өнер иесі қатысады» деді Сайран Темірғалиұлы.
15 наурыз күні қайырымдылыққа кезек беріледі. Бұл күннің басты құндылығы, адамдардың бір-біріне жанашырлық танытып, өзара көмек көрсетуіне бағытталған.
Сондықтан мұқтаж жандарды, облыстағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар тұрып жатқан оңалту орталықтарында, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім мекемелерінде мерекемен құттықтау шаралары ұйымдастырылады.
Сонымен қатар Екінші дүниежүзілік соғыс және еңбек ардагерлерінің, жалғыз басты қариялар, мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлері мен аулаларын тазалау жұмыстары жүргізілетін болады.
Биыл Наурыз мейрамы мұсылмандар үшін қасиетті ай — Рамазанға тұспа-тұс келіп отырғаны белгілі. Осыған орай облыс, қала, аудан әкімдерінің атынан ауызашар ұйымдастырылады.
Басқарма басшысының айтуынша, 16 наурыз — мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні мәдениетті, өнерді және ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналады.
Жергілікті қолөнершілердің ұлттық қолөнер туындыларының көрмелері мен жәрмеңкелері, ұлттық тағамдар фестивалі өткізіледі.
Мәдениет мекемелерінде «Салт дәстүрім — қазынам» дөңгелек үстелі және «Бесікке салу» рәсімі өткізіледі.
17 наурыз — шаңырақ күні ұлттық киім киген жастардың неке қию салтанаты өткізіліп, көпшілікке сыйлы ақсақалдар мен көпбалалы аналар «Наурыз бата» береді, жас жұбайларға, елге бақ-береке тілейді.
Барлық елді мекенде 50 жыл отасқан отбасылар арасында «Алтын шаңырақ» және 25 жыл отасқан отбасылар арасында «Күміс кереге» атты байқаулар қорытындыланып, марапаттар табысталады.
18 наурыз — ұлттық киім күніне орай отандық, ұлттық киімдерді ұлықтау шарасы өткізіледі. Бұл ретте жергілікті белгілі дизайнерлердің ұйымдастыруымен ұлттық нақыштағы киімдердің сән көрсетілімі өтеді.
19 наурыз — жаңару күні көктемгі ағаш отырғызу акциясы және тазалық жұмыстары ұйымдастырылады.
20 наурыз — ұлттық спорт күні Орал қаласы мен барлық аудандарда ұлттық спорт ойындары (ат жарыс, бәйге, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу сынды) өткізіліп, спорттық жарыстар, турнирлер ұйымдастырылады.
21 наурыз — ынтымақ күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен бейне құттықтауымен басталып, мерекелік лебіздер өңірлерде жалғасады. Аудандарда «Наурыз — Ұлыстың ұлы күні» қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі, ұлттық тағамдар фестивалі және басқа мерекелік шаралар өткізіледі.
22 наурыз — Ұлыстың ұлы күні облыс, аудан орталықтарында және елді мекендерде Наурыз мерекесіне арналған стильді этноауылдар орнатылып, мерекелік жәрмеңкелер мен көрмелер көз тартпақ.
Орал қаласында әдеттегідей Тұңғыш Президент алаңында киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлер көрсетіліп, ұлттық тағамдар (наурыз көже, бауырсақ) ұсынылады, сонымен қатар қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі келушілер назарын аудармақ. Өзге де түрлі мәдени-спорттық шаралар жалғасын табады.
«23 наурыз — тазару күні „Тазалық эстафетасынан“ басталып, суат көздерін, аулаларды қардан және қоқыстан, оның ішінде мерекеден кейінгі қалдық заттардан тазалау іс-шараларына кезек тиеді. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармасымен ұйымдастырылатын „Наурыз нақышымен безендірілген тартымды үй“, „Ең таза подъезд“, „Наурыз стилімен безендірілген әдемі көше“ секілді байқаулар қорытындыланады» деді С. Дүйсенов.
Брифингте сондай-ақ БҚО қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева Наурызнама онкүндігі аясында өткізілетін іс-шаралардың маңызын атап көрсетіп, оған жұртшылықты белсенді қатысуға шақырды.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Арсен Ғұбашев облыс орталығында өтетін мерекелік іс-шараларға тоқталды.