"Сырым жастары" қоғамдық бірлестігі және «Жас Отан» жастар қанаты Сырым аудандық бөлімшесі ұйымдастырған айтысқа 17 ақын қатысты. Әдебиетші-ғалым, профессор Серікқали Шарабасов бастаған қазылар алқасы айтыстың әділ өтуі мақсатында көрермен көзінше әр жұпты жеребе арқылы анықтап отырды.
Шыңғырлау ауданының ақыны Бекболат Хайруллин бұрынғыдан гөрі айтыста ізденісі бар екенін байқатты. Өз өмірін айта отырып, келеңсіздіктерді сынға алды. Әйтсе де ұйқасқа әлі де мән беру керектігі көзге ұрып тұр. Қарсыласы, Ақжайық ауданының ақыны Айнабек Бисенғалиевтің ән салғанын сынай салып, ізінше өзі әнге басқаны шынайылықтан алшақтап кетті. Айтыстың жілігін шағып, майын ішкен оралдық ақын қыз Жансая Мусина мен теректілік Елдар Ихсановтың айтысы тартымды болды. Екеуі де әдемі әзіл айтып, тақырыпты назардан тыс қалдырған жоқ. Әсіресе, қысқа, нұсқа, ұста сөйлеген Жансая көрермен қошеметін иеленді.
Финалға 6 ақын шықты. Айнабек пен оралдық Талғат Мықи, Жансая мен сырымдық Санат Кәрімов, теректілік Эльдар Иқсанов пен ақжайықтық Мейірман Шәкенов айтысты. Айнабек ерекше мәдениеттілігімен, тапқыр айта білуімен бірінші жүлдені даусыз иеленді. Осы орыннан үлкен үміт күттірген Жансая Мусинаның қарсыласының жеке басын кемітіп тиіскені, артық мақтаулары көбейіп кетуі себеп болып, екінші орынға тұрақтады. Санат Кәрімовке үшінші орын бұйырды. Айту мәнері, тақырып қамтуымен ерекшеленген Талғат Мықиға аудандық Сырым қорының атынан арнайы жүлде табыс етілді.