Батыс Қазақстанда жер кезегінде 100 мыңнан аса адам тұр

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады. 

БҚО құрылыс басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, соның 70500-і Орал қаласында тіркелген. Осы орайда «Нұрлы жер» бағдарламасы бағыттарының бірі жеке тұрғын үй құрылысын дамыту болып табылады. Бұл ретте дүние жүзіндегі жетекші қалалардың үлгісімен, бірыңғай сәулет стилімен жеке тұрғын үйлер салу ойластырылуда. Салынған баспаналар бірінші кезекте жер кезегінде тұрғандарға сатылатын болады. Зайым беру мен олардың төлемге қабілеттілігін «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ анықтайды. Жеке тұрғын үй құрылысы жөніндегі қанатқақты жоба Теректі ауданы Тоқпай ауылында іске асырылмақшы. Онда 225 жер теліміне электр желісі тартылған. Сумен, газбен қамту және абаттандыру жобалары жасалады. Осындай бағыттағы жобаларды Теректі, Зеленов, Бөрлі аудандарының қалаға жақын елді мекендерінде жүзеге асыру жоспарлануда. Бірыңғай үлгідегі жеке тұрғын үйлер құрылысын 2018 жылы бастау көзделуде. Сонымен қатар жер телімдерін бұрынғыша кезек бойынша беру де тоқтатылмайды.

Айта кетейік, жасалған жобалар бағдарламаға қатысушыларға таныстырылады. Содан кейін тұрғын үй құрылысын жергілікті атқарушы органдар мен «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның келісімімен компаниялар жүргізеді.