батысқазақстандық үш өнерпаз жеңіспен оралды.
Байқауда Қазақстан, Германия, Болгария, Украина, Россия, Чехия, Словакия, Австрия сияқты сегiз елдің 5-25 жас аралығындағы 300-ге тарта өнерлі өрендері бақ сынады.
Орал қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық дарынды балаларға арналған қазақ мектеп-интернаты кешені жанындағы өнер мектебінде білім алып жатқан 7-сынып оқушысы Мәлика Ахметованың (ұстазы Аяулы Қабдрахманова) қазақтың ұлттық аспабы шертермен бразилиялық көрнекті композитор Зекинья де Абреудің әлемге әйгілі шығармасы Тісо-Тісоны және халық күйі «Жалқы жігітті» нақышына келтіре орындауы қазылар алқасын тәнті етіп, бірінші орынды жеңіп алды.
Еуропа төрінде қазақтың қасиетті қара домбырасын күмбірлеткен Құрманғазы атындағы Орал музыка колледжінің 4 курс студенті Архат Стамғазы да (ұстазы Асылғаным Құсмағанбетова) Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу», Әблахат Еспаевтың «Бөгелек» шығармаларын асқан шеберлікпен орындап, байқау жеңімпазы атанды. Сапарлас серіктерінің жеңісті жолын жалғаған Казталов ауданы, Ақпәтер ауылдық музыка мектебі домбыра пәнінің мұғалімі Ержан Құмарғалиев шетелдіктерді Нұрғиса Тілендиевтің «Баламышка», Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйлерінің сазына ұйытты.
Сөйтіп, облыстың ғана емес, еліміздің намысын арқалап барған үш өнерпаз Чехия төрінде бірінші орынды иеленіп, Қазақстанның көк байрағын желбіретті.