Сайланмен бірге Чехияға барып қайтқан жаттықтырушысы Дәулет Әбдікәрімовтің айтуынша, оралдық тоғызқұмалақшы осы жолы халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындаған. Оның сөзінше, Сайлан құрлықтың небір мықты тоғызқұмалақшыларымен бәсекеге түсіп, олардың көбісін ұтып кеткен.
Интеллектуалдық ойынның шебері спорттың бұл түрімен 2004 жылдан бастап айналысыпты. Бұған дейін бес дүркін ел чемпионатының жүлдегері мен жеңімпазы атанған Сайлан аталмыш бәсекеге еліміздің атынан қатысып, мемлекетіміздің мәртебесін көтерді. Матылов - әзірге тоғызқұмалақтан ел чемпионы атанған облыс көлеміндегі жалғыз спортшы.
Жас спортшының сөзінше, оның мұндай үлкен биіктерден көрінуіне №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің (директоры Ерден Жанғалиев) тәлімгерлері мықты ықпал еткен. Ол, сондай-ақ, осындай үлкен додаға қосып, өзінің шеберлігін көрсетуге мүмкіндік берген облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы ұжымына (бастығы Мүсілім Оңдағанов) ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.