Батысқазақстандық түлектер ҰБТ-да орташа 87,48 балл жинады, бұл өткен жылғыдан жоғары

Облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, бұл өткен жылғы көрсеткіштен (86,57 балл) жоғары. Облыста «Алтын белгіден» 205 үміткер болса, соның 147-сі білімін қорғап шықты. Сондай-ақ ерекше аттестат алудан дәмелі 142 шәкірттен 72-сінің бағы жанды. Үш бірдей түлек ең жоғары 125 балл жинады. Олар - облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттан Арайлым Аронова мен Жанболат Жаулыбаев және «Үміт» лингвистикалық гимназиясының үмітін ақтаған Үміт Тасқалиева.

Аудандар арасында Бөрлі ауданы түлектері орташа 99 балл жинап, озық шықты. Сондай-ақ Бөкей ордасы (92,25 балл) мен Қаратөбе (91,65 балл) шәкірттері алдыңғы үштіктен көрінді.

Апелляциялық шағым қорытындысын есептемегенде, облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат - 118,88, «Үміт» гимназиясы - 118,6, дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешенін бітірушілер орташа 116,56 балл жинап, облыста озық нәтиже көрсетті.