Батысқазақстандық тұрғындар мұнай қалдығын өртейтін кешен салуға қарсы

Батыс Қазақстан облысында тұрғындар мұнай қалдықтарын өртейтін кешеннің бой көтеруіне қарсы. Себебі, өндіріс орны қала іргесіндегі қатты қалдықтар төгілетін полигон аумағында салынбақ, деп хабарлайды QAZAQSTAN Ұлттық телеарнасы.

Жылдар бойы қоқыс қалдықтарынан зәрезап болған халық тағы бір кешен салынса, жағдайымыз мүлде қиындайды деп қорқады.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

- Тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны қала іргесіне тиіп тұр. Небәрі 3 шақырым қашықтықта орналасқан. Полигон бастапқыда 25 жылға есептелген. Бірақ, оның пайдаланылғанына 40 жылдан асып барады. Енді осы аумаққа мұнай қалдығын өртейтін кешен салынбақ.

Кешеннің салынуына халық түбегейлі қарсы. Жылдар бойы күл-қоқыстан зиян шеккен жұрт елдің денсаулығын ойлап жатқан ешкім жоқ деп налиды.

Айғаным Өтеулиева, Зачаган кентінің тұрғыны:

- Күл-қоқысты күні-түні өртейді. Сасық иіс, ащы түтін. Балаларға обал. Есік-терезені аша алмаймыз. Мұны жауып, көшірудің орнына енді осы жерге өте қауіпті 4 дәрежелі полигон салайын деп жатыр.

Мұнай қалдығын өртейтін кешеннің жобасы осыдан екі ай бұрын Экология департаментіне түскен. Зауытта жылына 40 мың тонна мұнай қалдығы өртелмек. Өндірістің қоршаған ортаға тигізер залалын экологтар да жоққа шығармайды.


Ерлан Үмбетов, БҚО бойынша экология департаменті басшысының орынбасары:

- Полигонда тұрмыстық қалдықтар жанғанның өзінде халық наразылық білдіріп, әр түрлі арыз-шағымдар түсіруде. Ал, енді мұнай қалдықтарын өртеген кезде қоршаған ортаға үлкен зиян келтіреді.

Қазір кешен құрылысы жобаланған аумақта 60 мыңға жуық адам тұрады. Жоба қоғамдық тыңдаудан өтті. Халық пікірін депутаттар да қолдап отыр. Ал, шулы мәселені қараған сарапшылық кеңес мемлекеттік-экологиялық сараптаманың қорытындысын бұрыс деп мәлімдеді. Демек, Экология департаменті жобаны жүзеге асыруға рұқсат бермеуі мүмкін. Ал, «БатысЭкорталығы» өкілдерімен тілдесу мүмкін болмады. Құжатта көрсетілген мекенжайлары жалған болып шықты.