Батыста Амал мерекесі басталып кетті

-Отпан тау – Маңғыстаудың ең биік шыңы. Жаугершілік заманда елге жау шапқанда осы таудың басына ұран отын жағады екен. Осылайша әр тараптағы батырларды бір жерге жинайтын көрінеді. Бүгінгідей бейбіт күнде де бұл таудың басына алау тұтатады. Бірақ ол отты ұран оты емес, бірлік оты деп атайды. Және оны тек 13 наурыздан 14 наурызға қараған түні жағады...

От тұтанған сәттен бастап Амал мерекесі басталады. Халық Отпан таудың бөктеріне қарай ағыла жөнеледі . Бос жатқан далаға ақшаңқай ақ үйлер тігілді. Келген жұрт бірі-бірімен төс түйістіре көрісіп, ақ тілектерін ақтарады.

Жаңа Жыл құтты болсын, берекелі жыл болсын, мерекелі жыл болсын!

Алтынай Әбекенқызы, Маңғыстау облысының тұрғыны:

-Амалдың да басты тағамы Наурыз көже. Әуелден ата-бабаларымыз осы Наурыз көжені амал күні пісіріп, келген ағайын-тума, жекжаттарға, қыз-күйеуге дайындап қойған...

Бүгін де Маңғыстау сол дәстүрінен жаңылған жоқ. 70-ке тарта киіз үй тігілді. 5000-ға тарта қонақ келді. Оның ішінде Ресей, Иран, Қытай қазақтарымен қатар еліміздің барлық облысының халқы бар.

Әнәфия Медешұлы, Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны:

-Бұл адамның татуласуына да, екеуі теріс қарап жүрген адамдардың қол алысып, көрісуіне де, көріскеннен кейін керіскенін ұмытып кетеді. Сосын халықтың ауызбіршілігі артады. Көрдіңіз ғой, қай жақтан келіп жатырмыз? Шымкенттен келіп жатырмыз.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, болашақта Наурыз мейрамы ресми түрде осы күннен бастап тойлануы мүмкін. Қазір сол жөнінде мәселе көтеріліп жатыр.

Әнуар Бимағамбет, ұйымдастырушы:

-Мәдениет Министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының да Наурызды атап өтудің тұжырымдамасын ұсынғанын білеміз. Соның ішінде де 14-нен бастап тойлау жөнінде ұсыныс бар.

Ғылыми деректерге сүйенсек, ықылым заманда қазақтар Жыл басын 1 наурызда тойлаған екен. 1918 жылы Ресей Батыс Еуропа күнтізбесіне ауысады. Бұл екі күнтізбенің арасында 13 күн айырмашылық бар. Сонда бұрын 1 наурызда көрісетін қазақ енді 14 наурызда көрісетін болды. Абайша айтсақ осы күндері «қырдағы ел ойдағы елмен араласқан, күлімдескен, көріскен, құшақтасқан». Осы кезде айтылған ізгі тілек пен мейірім- қуаныштан тіпті самарқанның көк тасы еріген деседі. 

Loading...