Бауыры ісіп, асқазаны күйіп қалған: Қытайдың ащы снектерін жеген жасөспірімнің денсаулығы қалай зақымданды?

Caravan.kz медиа порталының тілшісі жасөспірім қыздың басынан өткен сұмдық оқиғамен бөліседі. 

Балалар денсаулығына төнген қауіп

Нарықты түрлі-түсті қаптамадағы қытайдың снектері жаулап алды. Қазір олар мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында ең танымал әрі ең өтімді өнімдердің біріне айналған. Арзан, қолжетімді, көз тартарлық тіскебасарлардың артында қандай қауіп тұрғанын көп адам ескере бермейді. Дәрігерлер мен ата-аналардың алаңдауы бекер емес. Мұндай құрамы белгісіз, қаптамасынан майы аққан ащы «дәмділер» өсіп келе жатқан балалардың денсаулығына аса қауіпті болуы мүмкін. 

Біздің редакция бұған дейін де бұл мәселені көтерген. Ащы снектер сатылып жатқан дүкендерді аралаған еді. Бірінші қабатты толық алып жатқан дүкенде олардың бағасы 400–1000 теңге аралығында, ал кейбір түрлері жеңілдікпен 90 теңгеге сатылып жатыр. Яғни қалтасында тиын-тебені бар кез келген оқушы сатып ала алады. Мәселе тек қолжетімділікте емес. Өнімдердің көпшілігі заң талабына сай емес: қазақша және орысша ақпараты жоқ, тек қытай тілінде, тұтынушы, әсіресе жасөспірім оның құрамын да, қауіпсіздігін де түсінбей жей береді.

Оқи отырыңыз: Құрамы белгісіз, еш ақпараты жоқ қытайдың тіскебасарлары нарықты жаулады: Балалар денсаулығына кім жауап береді? 

Таңбаланбай сатылған өнімдер

Анықталған жағдайдан соң Caravan.kz медиа порталы тиісті органдарға шағым жолдады. Алматы қаласы Алмалы ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеру жүргізді. Ресми жауапта көрсетілгендей, жоспардан тыс тексеру барысында дүкенде техникалық регламент талаптарының бұзылғаны анықталған.

«Тексеру барысында Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарының сақталуы қаралды: «Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» (2011 жылғы 9 желтоқсандағы № 880 шешім) және «Тағам өнімдерін таңбалау бөлігінде» (2011 жылғы 9 желтоқсандағы № 881 шешім). Жоспардан тыс тексеру нәтижесінде өнімдерді таңбалау талаптарының бұзылғаны анықталды. Олардың ішінде келесі қытайлық снек және жеңіл тағамдар бар: маринадталған шалғам (53 г), күнжіт дәнінен жасалған жіптер (70 г), ащы тофу «оранж» (85 г), ащы латяо (268 г), кесілген ащы роллдар (118 г), пастила (200 г), долана таблеткалары (180 г), ащы шалғам салаты (80 г), долана пастиласы (Minishanzha) (310 г), салат жапырақтарынан жасалған тұзды салат (106 г). Тексеру нәтижелері бойынша, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 2 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-152 бұйрығына сәйкес, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері мен тексеру парақтары бекітілген, санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың бас мемлекеттік дәрігерінің қаулысымен жедел ден қою шарасы қабылданды. Аталған шара — талаптарға сәйкес келмейтін өнімдерді сатылымнан алып тастау және кері қайтару туралы №9 08.04.2026 ж. қаулысы аталмыш дүкенге қатысты қабылданды. Бұл шара әкімшілік іс қозғамай-ақ, Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2020 жылғы 7 шілдедегі № 360-VI Заңының 42-1-бабының 2-тармағына сәйкес қабылданды», - делінген жауапта. 

Көңілге қонымды нәтиже. Алайда заңбұзушылықтарды анықтап, оларды жай ғана сатылымнан алып тастау жеткілікті ме? Бұл сұрақ халықты алаңдатып отыр. Себебі өнімдер ертең қайтадан сатылымға шықпауына кепілдік жоқ.  Сондықтан ата-аналар бұл өнімдерді толық жоюды, құрамына нақты зертханалық тексеріс жүргізуді талап етуде. 

Айта кетейік, күні кеше Беларусь елінде «Латяо» деп аталатын қытайлық снектердің бірнеше түріне толық тыйым салынды. Мамандар олардың құрамынан тыйым салынған қоспаларды анықтаған, ал қаптамасында қант пен тәттілендіргіштер көрсетілмеген. Қауіпті өнімдер саудадан алынып қана қоймай, елге әкелуге де тыйым салынды. 

Бір жылдық күрес: Сабақ аламыз ба?

Қазақстанда былтыр оқушылардың жаппай уланған жағдайынан соң тексерістер жүргізіліп, тыйым салу туралы айтылып жүрді, алайда уақыт өте келе ұмытылып кетті. Десе де мәселеге көз жұмып қарауға болмайды. Себебі жағдай біз ойлағаннан да ауқымды. Caravan.kz медиа порталының тілшісі ауыр жағдайды басынан кешірген отбасымен сұхбаттасты. 

Шымкент қаласының тұрғыны Жібек Талипова жасөспірім қызының басынан өткен шынайы оқиғасын айтып берді. 

«Бұл оқиға былтыр болды. Қызым ол кезде 7-сыныпта мемлекеттік мектепте оқиды. Өзім жекеменшікте жұмыс істеймін. Таңертең жұмысқа кетемін, кешке келемін. Бірақ тамағын дайындап, күнделікті 500-1000 теңгесін беріп отыратынмын. Ол кезде ешнәрсеге уайымдамай, қызым асханада тамақ ішіп жүр деп ойлайтын едім. Осы қытайдың тіскебасарлары сол жылы жазда пайда болды. Қызым бірнеше рет үйге әкеліп, жеп жүрген, мен де дәмін татып көрдім. Иісі деген өте жиіркенішті, ащы дәмінен тілім ойыла жаздады. Сол кезде қызыма жеуге болмайды деп айттым. Екі рет сөмкесінен тауып алдық, себебі иісі мұрныңды жарады. Қызым сыныптастарының бәрі осыны жейтінін айтты. Бұл қыркүйектен қараша айына дейін болған жағдай», - дейді анасы. 

Анасының тыйым салғанына қарамастан, қызы оны жасырын түрде күн сайын сатып алып жей берген екен. 

«Үш айдан кейін қызымның денсаулығы сыр бере бастады. Тамақ ішуді қойды, кез келген иістен жүрегі айнып, құса бастады. Қатты арықтап кетті, көздерінің асты қарая бастады. Мектепте жеген тамағының барлығын құсып тастайтын болды. Қорқаннымыздан дереу қызымызды аураханаға апардық. Дәрігерлер тексеру нәтижесін көріп шок болды», - дейді анасы. 

Белгілі болғандай, жасөспірімнің асқазаны қатты зақымданып, от сияқты қызарып, күйіп қалғандай күйге түскен. Бауыры ұлғайып, қабынған. Қаны тым сұйылып кеткен. 

«Қызымыздың мұндай күйге түсетінін кім білген. Бір жыл бойы қатаң диетада болып, үш мезгіл дәрілер қабылдадық. Үш ай бойы қызым осы қытайдың снектерін күн сайын жеген екен. Оны кіші ұлым айтты. Үйге келіп төсегінің астын тексеріп, бір пакет бос қаптамалар тауып алдық. Иісі тышқан жүріп өткендей, түрлі дәмдеуіштердің ащы иісі шығып тұр, ал аққан майы төсекке ағып, әбден сіңіп кеткен. Айтып жеткізу мүмкін емес», - дейді анасы. 

Бұл оқиға ата-ана үшін де, бала үшін де ауыр кезең болған. Анасының айтуынша, қызы кейде әлсіреп, жүре алмай қалған, тамақ ішсе, бірден құсқан, төсегіне еңбектеп жететін кездері болған. Мұндай жағдайды көру — кез келген ата-ана үшін ең ауыр сынақ.

«Бұл жағдай ата-ананың тым жұмысбасты болуынан туындайды. Сондықтан балаларымыздың денсаулығына, қауіпсіздігіне жауап бере алмай отырмыз. Бала деген өзіне не зиян, не пайдалы екенін білмейді. Үй жанында қаптаған дүкендерде осы «трендке айналған» тауарлар жаппай сатылып жатыр. Оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Балалар оны әлі де алып жеп жүр. Ауламызда қаптамалары шашылып жатыр. Бұл шындық», - дейді Жібек Талипова. 

Қыздың анасы оқиғасын бұрмаламай жеткізуге тырысты. Себебі қызының денсаулығына зиян келтірген қытайдың тіскебасарларын жеп жүрген балалар көп, ал олардың бақылауы жоқтың қасы. Сондықтан басынан үлкен сынақ өткен ананың кеңесіне құлақ асқан жөн.

«Қанша жұмыс қауырт болса да, балаларды бақылауда ұстау керек. Әсіресе тамақтануын жіті бақылау керек. Қалтасына ақшасын салып, балаларды өз еркіне жіберіп қояды екенбіз. «Ауру астан» деген бар, балаларымыздың сол ақшаға не алып жеп жүргенін мүлде сұрамайды екенбіз. Өзіміз жұмыстамыз, баланың киімі бар, тамағы тоқ деп ойлап жүре береді екенбіз. Бұл мен ғана емес, көп ата-ананың шындығы. Дәл осындай зиянды тамақтарды жеп жүрген балалардың ата-аналары біз сияқты әрдайым жұмыстан шыға алмайтындар. Сондықтан бала үйден тыс кезде не алып жеп жүргенін толық бақылауда ұстау керек. Күнделікті ақшадан да тыю керек. Керек болса, өздеріңіз алып беріңіздер. Әрине, бірінші кезекте бұл менің жауапкершілігім. Енді балаларымның әр басқан қадамын қадағалайтын болдым, күнделікті шығындарына ақша бермеймін. Өзімнің мектебіме ауыстырып алдым. Қызымның ауырып қиналғанын көргенімде, жұмыс та, басқа мәселелер де жайында қалды. Мұндай жағдайдың қайталанбауын сұрадым, басқаларға да мұны тілемеймін. Бір жыл қиналдық, салдары тым ауыр болды, қанаша жас төгілді, қыруар қаражат жұмсалды. Қазір денсаулығын қалпына келтірдік, алайда қызымның жейтін тамағы қатаң бақылауда, қаны әлі де сұйық», - дейді Жібек Талипова. 

Балықтар қырылып қалған

Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ғалымдары мен студенттері қытайлық жеңіл тағамдардың құрамын зерттеген екен. Тексерілген барлық үлгілерден дәм күшейткіштер (E621, E635), тәттілендіргіштер (E952, E955) және жасанды бояғыштар (E102, E110 және тағы басқа) табылған. 

Бұл қоспаларға Қазақстанда тыйым салынбаған, десе де оларды жиі тұтыну аллергияға, ішек микрофлорасының бұзылуына және асқазан-ішек ауруларына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ анықталған жануар майы холестерин деңгейін көтеруі ықтимал. 

Сарапшы E952 (цикламат) тәттілендіргішіне ерекше назар аударды. Оған АҚШ-та тыйым салынған, ал Еуропада тек қатаң шектеумен ғана қолданылады. Кейбір зерттеулер оның канцерогендік әсері болуы мүмкін екенін көрсетеді. 

Қытайлық снектердің қаншалықты қауіпті екенін анықтау үшін ғалымдар гуппи балықтарына тәжірибе жүргізген. Балықтарға осы өнімдерден алынған қоспалар берілген. Нәтижесінде екі тәуліктің ішінде балықтардың 40%-ы қырылып қалған. Бұл орташа уыттылық (улағыш заттың адамдар мен жануарларға зақымдау әсерінің күші) деңгейін көрсетеді.

Тамақ қауіпсіздігі саласындағы Qazaq Expert Club сарапшысы, қауымдастырылған профессор Лаура Аутелеева аталмыш нәтижелер әзірге алдын ала екенін атап өтті. Қытайлық снектерді шектеу немесе кейбір қоспаларға тыйым салу үшін қосымша зерттеулер мен ұзақ бақылау қажет.

Оның айтуынша, алдағы уақытта бұл бағытта зерттеулер жалғасады және мектеп оқушылары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар заңсыз әкелінген және дұрыс таңбаланбаған өнімдерді сатып алудың қажеті жоқ екенін ескертеді. 

Аталмыш оқиға бір отбасының мәселесі емес. Бұл - бақылаусыз қалған нарықтың, қолжетімді әрі күмәнді өнімдердің және назардан тыс қалған қауіптің көрінісі. Балаларымыздың денсаулығы ортақ жауакершілік екенін ұмытпаған жөн. 

 Caravan.kz медиа порталының тілшісі бұл тақырыпты әрі қарай зерттеп, бақылауда ұстайтын болады.