Жаңа маусым қарсаңында командада бірқатар ауыс-түйістер орын алды.
Одан басқа, бірегей Footbonaut тренажері ресми түрде пайдалануға берілді. Мұндай тренажер әлемде бірнеше футбол клубында ғана бар екен.
Сонымен, биыл команданың бас жаттықтырушысы болып ресейлік маман Александр Бородюк тағайындалды. Ал команда құрамы қақпашы Андрей Сидельников, қорғаушы Лукаш Тесак және жартылай қорғаушы Ян Вороговскимен толықты. Бүгінгі шараға қатысқан қала әкімі Бауыржан Байбек командаға жаңа маусымда сәттілік тіледі.
«Біз «Қайрат» командасын қашанда мақтан тұтамыз. «Қайрат» - шын мәнісінде халықтық команда. Елбасының салиқалы саясатының арқасында елімізде спорттың дамуына барынша жағдай жасалуда. Қалада бұқаралық спортты қаржыландыру 20 есеге артты. Біз өткен жылдың ішінде 100-ден астам балалар алаңқайын аштық. Биыл тағы 150 алаңқай пайдалануға беріледі. «Қайраттың» жаттығу базасында футболшыларды маусымға сапалы тұрғыда дайындау үшін барлық жағдай жасалған. Жанкүйерлер сүйікті командасына қызу қолдау көрсетеді. Сондықтан, жаңа маусымда «Қайрат» командасына сәттілік тілеймін», - деді қала басшысы.
Айта кетелік, жаңа маусым аясында алдағы 8 наурызда Астанада «Қайрат» пен «Астана» командалары кездеседі.