Танымал қазақстандық продюсер Баян Алагөзова "Қозы Көрпеш — Баян Сұлу" телехикаясына қатысты айтылған сынға жауап берді. Дәлірек айтқанда, ол ашуға булыға жазған постын тарихи киноны түсіруге жұмсалған қаражатты қайтаруды талап еткен Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Меруерт Түсіпбаеваға арнаған.
Алагөзова жазғандай, телехикаяны түсіру үшін компанияға 54 миллион теңге бөлініпті, яғни әр бөлім үшін 9 миллион теңгеден. Оның 22 пайызы салыққа кетсе, әр бөлімге 7 миллион теңгеден ғана қалған, демек 21 мың доллар.
"Мені киномен айналысатындар ғана түсінеді, 21 мың доллар ақшаға тарихи телехикаяны қалай түсіресің?" — деп жазды продюсер.
Ол түсірілімге өз қалтасынан 13 миллион теңге қосқанын жасырмады және ол үшін өкінбейтінін де айтты.
Алагөзова актерлердің қазақ тілінде акцентпен сөйлеп, жалпы тарихи оқиғаның заманауи үлгіде ұсынылғанын айтқан әлеуметтік желі қолданушыларына да жауап берді.
"Маған бірнәрсе қызық, Facebook-тегі ақылгөйлер көне ғасырда қазақтардың қалай сөйлегенін қайдан біледі? Соңғы деректерге сүйенсек, жыр біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырда болған. Бәрің сәуегейсіңдер ме? Жоқ, шығармашылық көзқарастан ада, көптігімен ғана алатын қарапайым адамсыңдар", — деді ол. Алагөзова, онымен қоймай, Меруерт Түсіпбаеваға да ойындағысының бәрін айтып салды. Продюсердің айтуынша, еңбек сіңірген мәдениет қайраткері осы хикаядан рөл сұрап, кастинг директорына сан мәрте хабарласыпты.
Loading...
"Хит әндер орындап, керемет рөлдерді сомдай алмағаның үшін кешірерсің. Сол себепті продюсер ретінде сенің кәсіби біліктілігіңе күмән келтіремін, оған толықтай хақым бар. Сондықтан өкпе-ренішіңніңде орны бар, рөл берсек, басқаша сайрайтын едің", — деп жазды Алагөзова.