Баян Есентаеваның қызы сотта әкесін қорғайтын болады

Қаскелендегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа Баян Есентаеваның қызы Айсәуле де келді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі сот залынан.

Бүгін Қаскелендегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта Баян Есентаеваның күйеуі Бақытбек Есентаевқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр. 

Алдын ала сот отырысы бір сағат бұрын болды. Екі тарап та сот залынан шықты, алайда Баян Есентаеваның өкілдері жауап беруден үзілді-кесілді бас тартты. Айта кетейік, басты сот отырысы 28 қыркүйекте болады.

Сотталушының адвокаты Бекболат Жексеитовтың айтуынша, Есентаевтардың қызы сотта әкесін қорғаушы ретінде қатысып отыр.

"Есентаевтардың қызы сотта әкесін қорғаушы ретінде қатысып отыр (...) Ол әкесінің құқығын қорғайды", - деді адвокат. Іске қатысты басқа деректерді әзірше айтпады.


Осыған дейін Баян Есентаева жұртты дүрліктірген оқиғадан кейін бірінші рет сұхбат берген болатын. Видеосұхбат Динара Сәтжанның YouTube хостингіндегі арнасында пайда болды.

Еске салайық, Баян Есентаева 10 маусымда ауыр жағдайда Талғардағы ауруханаға түскен болатын. Тергеудің мәліметінше, оны күйеуі Бақытбек Есентаев аяусыз ұрып соғып, бірнеше рет пышақтаған. Бұл оқиға Еңбекші ауылының маңында Құлжа тас жолында болған.