Б.Байбек шетелде оқып жүрген қазақстандық студенттерді бір-бірін қолдауға шақырды

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек шетелде оқып жүрген қазақстандық студенттерді бір-бірін қолдауға шақырды.

Б.Байбек атап көрсеткендей, партия биылғы слеттің барлық ұсыныстарын қолдап, тиісті шешімдердің орындалуына ықпал ететін болады. «Бірақ, сіздер (шетелде білім алып жүрген қазақстандық студенттер - авт.) өзара бірігіп, нақты мақсат-міндеттеріңізді анықтап алмасаңыздар, біз өз тарапымыздан көмек бере алмаймыз. Өткен жылы мен талай рет естідім. Ақша сұраған өтініштер көп болған. Мен түсінемін, қаржының жетпейтін кездері де болады. Осы орайда бір орталықтың (ұйым - авт.) болғаны дұрыс. Ол жерде қазақстандық студенттер жиналып, бір-біріне көмек бере алады. Мәселен, шетелге алғаш рет келген жастарға жақын жердегі дүкеннің қайда екенін, оқу жоспары қалай жүргізіледі деген сияқты қарапайым ақыл-кеңестерді берсек те, олар үшін үлкен көмек болатыны хақ. Ал ең бастысы, ұйым тізгінін кейінгі жастарға дер кезінде тапсырып, оның тұрақты әрі нәтижелі жұмысын қамтамасыз ете білу керек», - дейді Б.Байбек.

Бүгінде шетелде білім алып жүрген қазақстандық студенттер сан алуан ұйымдар құрып жатыр.


 Олардың саны 70-ке таяп қалды. Бұл туралы бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтіп жатқан Қазақстанның шетелдегі студенттік ұйымдарының II слеті кезінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Саясат Нұрбек мәлім етті.

Оның айтуынша, шетелде қазақстандық студенттердің бірлестігін құру бастамасын осыдан екі жыл бұрын бірінші болып АҚШ-та оқып жүрген жерлестеріміз көтерді. Содан бері 16 мемлекетте 90-нан астам ұйым құрылды. Ал соңғы уақытта олардың барлығы өзара шоғырланып, 70-ке жуық ұйымның аясында топтасты. «Соның арқасында қазақстандық студенттер бір-бірін тауып, етене араласа бастады. Мәселен, Қытайда қазір біздің 7 мыңнан астам студентіміз оқып жатыр. Олар үлкен бір қауымдастықты құрды. Алайда Қытайдың да саясаты ықпал еткен болар, оған «бүкілқытайлық жастар ұйымы» деген сияқты айдар тағылды. АҚШ-та Қазақстан студенттері ұйымдарының альянсы құрылды. Ол да сол елдің саясатына сай келеді. Мәскеуде «Атамекен» бар. Ұлыбританияда өкінішке қарай, ол жақта оқып жүрген қазақстандық студенттердің басы жиналмай жатыр. Дегенмен, бір қауымдастық бар», - дейді С.Нұрбек.