Б.Баймұхамедов «Ақжайықтың» бас бапкері болып тағайындалды

«Ақжайық» футбол клубынан түскен мәліметке қарағанда, Б.Баймұхамедов өткен маусымда команданың қосалқы құрамын баптады. Содан кейін негізгі команданың бапкерлер штабына енді. Жалпы, ол Орал футболымен жақсы таныс.

1948 жылы дүниеге келген Б.Баймұхамедов ойыншы ретінде 1965 жылдан «Қайрат» (Алматы), шымкенттік «Металлург», «Мелиоратор», «Жігер», целиноградтық «Динамо», «Целинник», қарағандылық «Шахтер», сондай-ақ ресейлік «Звезда» (Пермь), «Цемент» (Новороссийск) командаларында доп тепті.

1982 жылдан бапкерлікке ауысқан Б.Баймұхамедов қазақстандық және ресейлік командаларды, тіпті 1994 жылы Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтырды.


«Ақжайық» командасы 12 желтоқсанда Түркияда өтетін оқу-жаттығу жиынына аттанады. Командамен қазірдің өзінде бірқатар ойыншылар қош айтысты. Мәселен, чехиялық легионерлер Якуб Хлебоун мен Павел Черны басқа клубтармен келісімшартқа отырды. Ал Евгений Коструб, Константин Зотов, Алексей Мальцев, Бауыржан Омаров Премьер-лига командаларында сыннан өтуде. Сондай-ақ чехиялық қақпашы Антонин Бучек, босниялық шабуылшы Недо Туркович, камерундық жартылай қорғаушы Саджо Хаман Оралдан кетті.

«Ақжайық» 28 желтоқсанда Оралға оралады, келесі оқу-жаттығу жиыны жаңа жылда, 7 қаңтарда басталады.