Б.Досманбетов: Базар жыраудың туғанына 170 жыл толуы атап өтіліп, ескерткіш орнатылса игі

«Еліміздің рухани дүниесінде шығармаларымен ерекше орын алатын Сыр сүлейлерінің басында Базар жырау Оңдасұлы (1841-1911 жж.) тұратыны анық. Базар жыраудың шығармалары Сыр өңірінен шыққан ақын-жыраулардың ішінен алғашқылардың бірі болып Ә. Диваев, С. Сейфуллин, М. Жұмабаев, М. Әуезов, Ә. Марғұлан, Ә. Қоңыратбаевтардың назарын аударған. С. Сейфуллин: «Бұқар жыраудан кейінгі қазақтың ірі жырауы - Базар жырау» - десе, М. Жұмабаев: «Асса елдің қамын ойлаған, қалса өзінің ойына терең бойлаған», - деп Базар жыраудың ақындық қабілетін жоғары бағалаған екен. Ағымдағы 2011 жылы Базар жыраудың туғанына 170, дүниеден озғанына 100 жыл толады. Базар жыраудың 150 жылдығы еліміз бойынша кезінде аталып өтілмей, Өзбекстанда ғана тойланғанын ескере отырып, Базар жыраудың туғанына 170 жыл толуына орай Қызылорда қаласында ескерткіш орнатуға, республикалық деңгейде мәдени іс-шараларды өткізуге ықпал етуіңізді сұраймыз», - деді депутат.

Жалпы, Базар жыраудың шығармалары Кеңестік кезеңде «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды», «Жеті ғасыр жырлайды», «Алдаспан», «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті» жинақтары мен «Базар жырау шығармалары» (А., «Жазушы», 1986) кітабына енсе, егеменді ел болған тұста «Жәмиғы қазақ бір туған», «Назбедеу» жинақтары күйінде және «Сырдария кітапханасының» құрамында 1 том болып жарық көрді.