Беген орман шаруашылығындағы өрттен зардап шеккен алғашқы 24 отбасы жаңа үйден пәтер алды

Қоныстанушыларға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Виктор Храпунов кілттерді салтанатты жағдайда табыс етті. Оның айтуынша, зардап шеккендерге әкімнің шешімімен Семейде Би Боранбай көшесіндегі мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының аясында салынған 63 пәтерлі үй бөлінді. "Бұл пәтерлерді біз мемлекеттен сатып алып, төтенше жағдайлардан зардап шеккен отбасыларды орналастыратын боламыз",- деді В.Храпунов.

Әкімнің айтуынша, зардап шеккендерге баспана бөлу мәселесін қарастырған кезде кейбір қиындықтар туындаған. "Небәрі 24 отбасының ғана өртенген үйлерге қатысты құжаттары болып шыққан. Ал қалғандарының өртенген үйлерге иелік ететіндігін растайтын құқықтық құжаттары болмай шықты. Қалған адамдарға арналған пәтерлер бар. Біз оларды сатып алуға дайынбыз. Бірақ бізге соттың шешімі қажет. Сот бұл адамдардың өтінішін қарайды және тиісті құжаттарды алып, баспаналы болады деп сенемін",- деді В.Храпунов.

Әзірге 24 отбасы ғана пәтерлерге қоныстанды. "Біз пәтерлерде алғашқы сәтте қажетті дүниелердің болуы үшін күш салдық. Ас үйлерді жабдықтап, залда демалыс бұрыштарын, сондай-ақ жатын бөлмелерді жабдықтадық. Телевизорлар, тоңазытқыштар мен көрпе-жастықтарын да алды",- деді В.Храпунов.

Жаңа үйге 25-қазанда жылу жіберіледі.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті