Бейбітшілік пен бірліктің құндылығы: Жаһандық тұрақсыздық дәуіріндегі патриотизм

Қазақстан үшін бұл кезеңде көпвекторлы сыртқы саясат пен теңгерімді ұстанымның маңызы ерекше. Мемлекет басшысы Касым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саясат елдің тәуелсіздігін нығайтуға, егемендігін сақтауға және қоғамдағы тыныштық пен келісімді қамтамасыз етуге ықпал етеді. Осындай жағдайда патриотизм ұғымы да жаңа мазмұнға ие болып, тек сөз жүзінде емес, нақты әрекеттер арқылы көрінетін азаматтық жауапкершілікке айналуда.

Жаһандық тұрақсыздық дәуірінде патриотизм қалай қалыптасып жатыр, ұлтаралық келісімнің рөлі қандай, және қазіргі жастардың көзқарасы қалай өзгеруде? Caravan.kz медиа порталы тілшісінің осы және өзге де сұрақтарына саясаттанушы Талғат Жанысбай жауап берді.

- Әлемдегі геосаяси ахуал еліміздегі патриотизмнің қалыптасуына қалай әсер етіп жатыр деп ойлайсыз? Яғни, дәл осындай жағдайда патриотизм қалай көрінуі керек?

- Қазіргі әлемдегі геосаяси тұрақсыздық, аймақтық қақтығыстар мен жаһандық бәсекелестіктің күшеюі ұлттық мемлекеттердің ішкі бірлігі мен құндылықтарына деген сұранысты арттырып отыр. Осындай жағдайда патриотизм эмоциялық ұрандармен шектелмеуі тиіс, ол ең алдымен саналы, жауапты және прагматикалық сипатқа ие болуы керек.

Бүгінгі патриотизм - елдің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, саяси тұрақтылығын сақтау жолындағы азаматтық ұстаным. Ол тек сыртқы қауіп-қатерге реакция емес, сонымен бірге ішкі дамуға үлес қосу, заңға құрметпен қарау, кәсіби адалдық арқылы көрінуі тиіс. Яғни, қазіргі кезеңдегі патриотизм – «қатты айту» емес, «дұрыс әрекет ету».

- Ұлтаралық бейбітшілік пен ішкі тұрақтылықты сақтау патриотизмнің формасы деп айтуға бола ма?

- Иә, толық негізбен айтуға болады. Қазақстан сияқты көпэтносты қоғам үшін ұлтаралық келісім мен ішкі тұрақтылық – стратегиялық құндылық.

Патриотизмнің классикалық түсінігі көбіне сыртқы қауіпке қарсы тұрумен байланысты болса, қазіргі жағдайда оның мазмұны кеңейді. Бейбітшілік пен келісімді сақтау – бұл да елге қызмет етудің нақты формасы.

Ұлтаралық татулықты қолдау, қоғамда араздық тудыратын факторларға қарсы тұру, әртүрлі мәдениеттер мен тілдерге құрметпен қарау – бұлардың барлығы «азаматтық патриотизмнің» маңызды көріністері. Әсіресе, жаһандық шиеленістер күшейген кезеңде аса өзекті.

- Қазіргі жастарды қалай сипаттауға болады? Өскелең ұрпақ арасында патриотизмді қалай дұрыс насихаттау керек?

- Қазіргі жастар – ашық, прагматикалық, ақпараттық кеңістікте еркін бағдарлайтын буын. Олар дәстүрлі ұрандардан гөрі нақты нәтиже мен әділеттілікті жоғары бағалайды. Сондықтан патриотизмді ескі форматтағы декларативті тәсілдермен жеткізу тиімді емес.

Әсіресе, қазіргі медиакеңістіктің ықпалын ескеру қажет. Патриотизмді насихаттауда сапалы кино, деректі фильмдер, тарихи сериалдар, заманауи цифрлық контент тиімді құрал бола алады. Сонымен қатар, нақты табысқа жеткен отандастардың үлгісі арқылы «жетістік патриотизмі» моделін қалыптастыру маңызды.

Жаһандағы қақтығыстарды көріп отырған жастар үшін бейбіт өмірдің құндылығын көрсету де патриоттық тәрбиенің маңызды элементі болып табылады.

- Патриотизм мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудағы мемлекеттік рәміздердің рөлі қандай?

- Мемлекеттік рәміздер – ұлттық бірегейлік пен егемендіктің символдық негізі. Олар патриотизмнің эмоционалдық және идеологиялық өзегін қалыптастырады.

Ту, Елтаңба, Әнұран – жай ғана атрибут емес, олар азаматтың мемлекетпен байланысын нығайтатын маңызды құрал. Әсіресе жастар үшін рәміздер арқылы елге деген құрмет, ортақ тарих пен тағдырға деген қатыстылық сезімі қалыптасады.

Дегенмен, рәміздердің әсері тек ресми деңгейде емес, күнделікті өмірде, білім беру жүйесінде, мәдени және медиа кеңістікте дұрыс әрі мазмұнды қолданылғанда ғана күшейеді. Сол кезде олар формальді белгіден шынайы азаматтық санаға ықпал ететін факторға айналады.

Сұхбатыңызға рақмет!