"Бейбіт елді қырып жатқан басқыншыларының соғысын сіз де қолдайсыз ба?": Серік Абас-Шах министрге дат айтты

Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

"Құрметті Aida Balayeva!

Ресейдің қанды-қырғын соғысын қос-қолдап қолдап жүрген танымал әншілердің бірі басты қалаларымыздың сахналарына тайраңдап шығып, сіз бен біз үшін “музыкальное событие” жасауға келе жатыр.

Осы кісінің өз концертінен түскен қомақты қаржыны ресейлік басқыншылардың қолдау қорына аударғанын естіген (оқыған) шығарсыз. Бұл туралы қаншама рет тұспалдап жатсақ та, ескертіп жатсақ та үнсіз қалпыңызды бұзбадыңыз. Үндемей қалу - келісім берудің белгісі емес пе? Қырсықтау болса да мына сұрақты қоюға тура келеді: тәуелсіз елге басып кіріп, бейбіт халықты қырып жатқан ресей басқыншыларының соғысын сіз де қолдайсыз ба? Егер олай емес болса, соғысқұмарларды ашық қолдап жүрген адамның Астана мен Алматыда концерт қоюына неге тиым салмайсыз? Осы концерттен тскен ақшаның белгілі бір бөлігі украин халқына өлім оғы немесе ажал зымыраны болып ұшпасына кім кепіл?

Ағайын, үн қатсаңыздаршы!

Ата-бабам батыр болған деп мақтана бергенше осындайда бар екенімізді, ел екенімізді білдірмейміз бе? Қашанғы төбемізге шығара береміз?", - деп жазды журналист.

Естеріңізге сала кетейік, ресейлік әнші Владимир Пресняковтың концерті Астана қаласында 15 наурыз күні өтеді. 

Билеттің бағасы 10 000 мен 40 000 теңге аралығында.