Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Еске сала кетейік, 4 тамызда Ливанның әскери-теңіз күштері (ӘТК) базасына жақын Бейрут порты ауданында жойқын жарылыс болған еді.
5 тамыз күні Бейрут уақытымен сағат 00:30-да Ливанның Денсаулық сақтау министрі Мұхаммед Хасан жарылыстан қаза тапқандар саны 70-ке жеткенін, 4 мыңға жуық тұрғын жарақат алғанын хабарлады. Құтқару жұмыстары әлі де жалғасуда.
Ақ үй АҚШ-тың Бейруттағы жарылысты мұқият қадағалап отырғанын айтты. АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Құрама Штаттардың Бейруттағы жарылыс туралы хабарламаларды мұқият бақылап отырғанын және «қолдан келген барлық көмекті» көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. АҚШ мемлекеттік департаментінде жарылыстың себептері туралы ақпарат жоқ және зардап шеккендердің арасында америкалықтардың бар-жоғын анықтау үшін жергілікті билікпен жұмыс жүргізілуде.
Катар әмірі шейх Тамим бин Хамад әл-Тани Ливан президенті Мишель Аунға қоңырау шалып, дереу Ливанға жедел құрылатын ауруханаларды жіберуді бұйырды.
«Ливандағы жарылыс өте үлкен алаңдаушылық тудырды, бізде не болғаны туралы және оның себебі неде екені, ол кездейсоқтық па, әлде адамның жасаған әрекеті ме, ешқандай ақпарат жоқ. Сондықтан оларға жауап беру үшін бізге бұл ақпарат қажет», - БҰҰ Бас хатшысы ресми өкілінің орынбасары Фархан Хак.
Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан Франция Ливанды және ливандықтарды әрқашан да қолдайтынын мәлімдеді. «Франция Ливан билігінің қажетіне қарай көмек көрсетуге дайын», - деп жазды Ле Дриан Twitter парақшасында.
Түркияның президенті Режеп Эрдоған өз елінің Ливанға толықтай қолдау білдіретінін және осы қиын жағдайда Ливан халқына қажетті көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Түркия мен Иранның сыртқы істер министрліктері жарылыс салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің көптігіне байланысты Ливан халқына қайғырып көңіл айтып, жараланғандардың тезірек сауығып кетуін тіледі.
Кремль мәлімдемесінде президент Владимир Путин Мишель Аунға көңіл айту жеделхатын жолдады. Онда Ливандағы жарылыстың зардаптарын жоюға Мәскеудің қолдау көрсетуге дайын екенін баса айтты.
Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон да Ұлыбритания Ливанға кез-келген жолмен қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді және зардап шеккендерге көңіл айтты.
Еуроодақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррелль Ливан билігі мен халқына көңіл айтты.
Иорданияның Сыртқы істер министрі Айман Сафади оның елі Бейрут портындағы жарылыстан кейін Ливанға қажет кез-келген көмекті көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Ирак Премьер-министрі Мұстафа әл-Каземи Ирак үкіметі мен халқының Ливанмен бірге екенін, Ирактың Ливан халқын қазіргі қиын жағдайда қолдауға дайын екенін баса айтты.
Айта кетейік, Қазақстанның СІМ Ливандағы жарылыс салдарынан Қазақстанның дипломатиялық миссиясы ғимаратына зиян келгенін хабарлаған болатын.
Жарылыс кезінде дипломатиялық миссияның қызметкерлері жұмыс күні аяқталғаннан кейін жұмыс орнынан кетіп қалған. Консул жұмыста қалған болатын және жарылыс толқыны салдарынан жеңіл жарақат алды.