Журналист Алматы әуежайында қазақтардың тек орысша сөйлегені үшін сөзге келіп қалған, деп жазды Caravan.kz медиа порталының тілішісі.
"Астанаға бірдеңе беріп жіберсем деп өтініш айтып жатқан қазақ, құжатыңды тіркеп жатқан қазақ, үсті-басыңды ақтарып-тексеріп жатқан да қазақ, билетіңді таңбалап жатқан да қазақ. Бірақ бәрі орысша сөйлейді, орысша сұрақ қояды. Қазақстанда емес, Чукоткада жүргендей сезінесің. Ұйқым онша қанбағандықтан сіркем су көтермей тұр еді, келесі бір шүлдірлегіштің сұрағынан соң қаным басыма шауып кетті.
- Кешіріңіз, қазақша білесіз бе осы?
- Қазақпыз ғой.
- Менің түрім орысқа ұқсай ма?
- Жоқ.
- Өзің қазақ екенсің, менің түрім орысқа ұқсамайды, яғни қазақ екенмін. Онда неге қазақша сұрамайсың әуелі? Егер түк түсінбей тұрсам, сонда ғана орысшаңа немесе ағылшыншаңа көшпейсің бе?
- Бәрі орысша сөйлейді ғой, аға.
- Ренжіме бауырым, сорлылық қой бұл. Намыс қайда? Айтшы, қай елде тұрамыз осы? Сен сөйлемесең, мен сөйлемесем, ол сөйлемесе, кімге керек ана тіліміз?
(бұрқылдап кетіп барамын, сыртымнан қарап тұрған адамға бұл тірлігім күлкілі болып көрінген де шығар?).
Күту залында отырмын. Оң жағымда қазақ, сол жағымда қазақ, қарсы алдымда да солар... Жүйкемді тоздыру үшін алдын-ала келісіп алған ба дерсің, олар да бір-бірімен орысша сөйлесуде.
Мойындайық та, бишарамыз ғой. Өз елінде ана тілін табанға салып отырған xалықта қандай намыс болуы мүмкін?
Ескерту: Әуежай қызметкерлерінің кәсіби шеберлігіне қатысты айтар шағымым жоқ", деп жазды.
"Мен де қазақ пен қазақ орысша сөйлескенін көріп, нервный болып жүрмін", "Өте дұрыс айтасыз, айтарға сөзіміз таусылды , өте өкінішті , Алматыда тұрамын. Кейде ойлап қаламын, мен ғана қазақша сөйлейтін сияқтымын", "Ия бейшара халықпыз ғой бейшара", деп жазды оқырмандар.