Бұл жөнінде Отырар-ТВ хабарлады.
Бейжің Олимпиадасынан кейін рингтен ғайып болған Еркебұлан боксқа қайтып оралғанын мәлімдеген. Өзінің айтуынша, ол бір ай бұрын жаттығуға кірісіпті. Спорттан ұзақ уақыт қол үзіп қалғанына қатты өкінетінін де жасырмапты. Өткенде Астанада Лондон Олимпиадасына жолдама үлестірген сайыста қазақстандық Василий Левиттің 91 келі салмақтағы лицензиядан айырылып қалғанын естігенде бармағын шайнаған көрінеді.
«Ертерек жаттықпай, спорттан қол үзіп қалғаныма қазір қатты өкінемін. Левит жолдамадан қағылғанда кеудемде өкініш пайда болды. Спортта жүргенімде бәлкім сол жолдаманы мен жеңіп алып, тағы бір рет Олимпиадада бақ сынап көретін едім», - дейді боксшы.
Айтпақшы, Бейжіңде 81 келіде бокстасқан Еркебұлан қазір толысып, салмағы ауыр тартқан.
«Жаттығуға қайта кіріскен күні өлшеп көргенде, салмағым 114 келі болды. Бір ай жаттығып, 14 келіден арылдым. Енді салмағымды 91 келіге дейін түсіруім керек», - дейді ол.
Сосын 3-4 айдан соң рингке шығу да ойында бар екен. Шығып қана қоймай, әлі де халықаралық жарыстарда, кем дегенде Азия чемпионатында топ жарып, Қазақстан спортына олжа салсам деп бекініп отыр боксшы.